Қазақстандық сарбаздар шетелге бітімгерлік қызметті орындауға барады

19.01.2024 в 14:06

Қажетті техникалар мен сарбаздарды тасымалдауға 8 миллион доллар қажет

Қазақстан 430 сарбазын шетелге бітімгерлік қызметті орындауға жібереді. Бүгін палаталардың бірлескен отырысы өтіп, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ миссияларына қатысу үшін Қазақстан қарулы күштерінің бітімгерлік контингентін жіберу туралы ұсынысы мақұлданды. Сарбаздардың алғашқы легі наурыз айының басында аттанады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстан алғаш рет БҰҰ-дан тәуелсіз бітімгершілік миссиясына мандат алды. Сарбаздар Голан биіктіктерінде Қазақстан туының астында операцияларды атқарады. Біздің жауынгерлер коменданттық сағатта жүріп, БҰҰ нысандарын қорғайды, патруль жүргізеді. Одан қалды, марш жасайды, басқа да функционалдық міндеттерді орындайды.

– Рота құрамы 139 әскериден тұрады. Бұл жерде мерзімді әскердегі сарбаз мүлдем жоқ. Барлығы кәсіби түрде дайындықтан өткен офицерлер. Олар қарулы қақтығысқа қатыспайды. Осы тұста, халықаралық комиссияның біздің елге келіп, Қазақстан жауынгерлерінің дайындығына оң баға бергенін де айта кетейін. Бұл бітімгерлік миссиясына жаяу әскер, медициналық, барлау, инженерлік бағыттағы мамандандырылған бөлімшелер барады, – деді ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.

Біздің бөлімше Фауар лагерінде орналасады. Дәл осы жерде миссияның штабы бар. Сарбаздар тікелей штаб командиріне бағынады. Ол – Непал мемлекетінің өкілі генерал Тапа. Жауынгерлер орындайтын миссия буферлік аумақта орналасыпты. Ал оның ұзындығы - 75 шақырым.

– Бөлімшелер 15 брондалған дөңгелекті көлікпен қамтылған. Сондай-ақ жол талғамайтын биік 6 машина, 4 "КамАЗ" және 1 шағын автобус бар. Олар буферлік аумақта миссия орындайды. Бөлімшеде 7 әскери әйел азамат бар, – деді ҚР Қорғаныс министрлігі департамент бастығы Олжас Құсайынов.

Бітімгерлік миссиясына қажетті техникалар мен сарбаздарды тасымалдауға 8 миллион доллар қажет. Қайтардағы жол шығынын БҰҰ мойнына алған. Мәжіліс депутаты Айгүл Құспанның айтуынша, ең арзан жолмен апарғанда осындай сома жұмсалады. Ал ол ақша бюджет резервінен алынбақ.  

– Барлық техника Алматыда жинақталған. Оның бәрін біз Ақтауға теміржолмен жеткіземіз. Ақтаудан үлкен транспорттық ұшақтарға жүктейміз. Ұшақпен Голан биіктіктеріне апарады, – деді  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Құспан.

Бітімгерлік миссиясында жүрген әр сарбазға ай сайын мың 400 доллардан төленіп отырады. Ол ақша БҰҰ бөлінген. Сонымен қатар Голан биіктіктерінде жүрген әр жауынгерге 3 айлық жалақысы да қосылады.

Айта кетейік, біздің бітімгерлік миссия бір жылға созылады.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы Астана

Оқи отырыңыз: Қазақстан БҰҰ бітімгерлік контингентіндегі әйелдер санын көбейтеді