«Батыр» президенттік полкі әскери қызмет сарбаздары ант қабылдады

27.11.2023 в 14:16

Сап түзеген жігіттер бір ай бойы әскери қатаң тәртіпке үйренген

Антқа адал, сертке берік болу – сарбаздың басты міндеті. 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында «Батыр» президенттік полкі әскери қызмет сарбаздары ант қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.

100-ге жуық жас жауынгер тутұғыр астында Отан алдындағы борышының салмағын сезінді. Баласы мен бауырын қауыштырған әскери рәсімге әр өңірден ата-аналар да қатысып, мерейлі сәтке куә болды.

– Баламның өз еркімен «Отанымды қорғаймын, борышымды өтеймін» деп әскер қатарына ілінгеніне қуаныштымын. Балаларымыз аман-сау оралсын, – деді Қостанай қаласының тұрғыны Майраш Қарымсақова.

Сап түзеген жігіттер бір ай бойы әскери өмірге төселіп, қатаң тәртіпке үйренген. Енді бір жыл ішінде ҚР Мемлекеттік күзет қызметі қатарында олардың дене шынықтыру және жауынгерлік даярлығына баса назар аударылады. Ант қабылдау арқылы сарбаздар Отанды қорғауға, әскери қызмет міндетін адал атқаруға, әскери істі ынтамен меңгеруге, сеніп тапсырылған қару мен техниканы дұрыс қолдану мен сақтауға жауапкершілік алады.

– Қазақстан Республикасы мемлекеттік күзет қызметі айрықша мақсаттағы күштерге әр өңірден шақырған сарбаздар ант қабылдап жатыр. Барлығы арнайы тексерістен өтті. Еліміздің барлық аймағынан ата-аналары мен жақындары келіп тұр. Балалардың көңіл күйі өте жақсы. Олар әскери ант қабылдау алдында бір ай көлемінде жас сарбаз курсын өтті. Жауынгерлік даярлық және жауынгерлік кезекшілік негіздерін үйреніп, енді отан қорғау ісіне кіріседі, – деді  «Батыр» президенттік полкінің басқарма бастығы Еркін Төлемісов.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық әскери қызметші джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды