Дәрігерлердің орташа жалақысы 246 мың теңге – ЖАҚСЕЛЕКОВА

05.03.2020 в 14:19

2018 жылдан бүгінге дейін дәрігерлер жалақысы 30%-ға өскен

Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі ақ халаттылардың орташа жалақысын атады, деп хабарлайды Almaty.tv

Ведомствоның жауапты хатшысы Ботагөз Жақселекова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қызметтерінің тарифінде дәрігерлер мен өзге де медициналық қызметкерлердің еңбекақысын кезең-кезеңмен өсіріп отыруын көздейтінін жеткізді.

«Биылғы жылдың қаңтарынан бастап барлық қызмет түрлерінің тарифтері өсті. Осылайша дәрігерлердің жалақысы 30 пайыз, ал орта медициналық персоналдық еңбекақысы 20 пайызға артпақ. Жалақыны жоғарылату республикалық бюджеттің қаражатына өткізілді. 2020 жылға оның мөлшері 66 млрд теңгені құрады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботагөз ЖАҚСЕЛЕКОВА.

Бұдан бөлек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатынан 20 миллиард теңге бөлінді. Жауапты хатшының берген мәліметіне сәйкес, 2018 жылдан бүгінге дейін дәрігерлер  жалақысы 30%-ға артып, 246 мың теңгені құрап отыр. Ал медбике мен санитарлардың еңбекақысы 41%-ға көтерілген. Қазір аталған мамандар 144 мың теңгенің төңірегінде алады.