Улы газ бен түтін: көлік жүргізушілеріне салынатын айыппұл көбеюі мүмкін

09.04.2024 в 14:34

Рейд барысында 3 жылжымалы экологиялық бекет жұмыс істейді

Алматыда автокөліктерден шығатын улы газ бен түтінді тексеру бойынша рейд жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның аясында жүк және жеңіл автокөліктер, автобустар тексеріледі. Мұндай шаруаны мегаполистің Экология және қоршаған орта басқармасы Полиция департаментімен және Табиғатты қорғау прокуратурасымен бірлесе атқарып жатыр. Сондай-ақ рейд барысында жылжымалы экологиялық зертхана мен 3 жылжымалы экологиялық бекет жұмыс істейді.

Айта кетейік, мұндай тексеріс шаһарда төртінші жыл ұйымдастырылып отыр.

– Төрт жылдың ішінде оң өзгерісті байқадық. 2021 жылы экологиялық бекеттерде тіркелген көліктер 23 пайызды құраса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 20 пайызға дейін төмендеді. 2023 жылы 15 пайыз, ал биыл бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіш 13 пайызды көрсетіп тұр. Әрине, қуантарлық жағдай. Азаматтар көліктерінің жай-күйіне қарай бастады, – деді  қоғамдық кеңестің экология бойынша комитет мүшесі Райдин Қасымов.

Шығарындыларда ластаушы заттардың болу нормативін бұзғаны үшін көлік құралдарының иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оған сәйкес жеке тұлғаларға 10 айлық, заңды тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл көзделген. Ал бір жылдың ішінде қайталанған жағдайда темір тұлпар иелеріне салынатын айыппұл мөлшері екі есеге артады.

– Қазірге 15-20 көлік тексердік, оның ішінде 5-6 көліктің көрсеткіші ұлттық стандарт бойынша нормадан асып тұр. 20 сәуірге дейін рейдтік іс-шара барысында дизелдік автокөліктерді тексереміз, – деді эколог Абдухамит Аманқұл.

Оқи отырыңыз: Алматы – біздің ортақ үйіміз: 6 мыңнан астам орындық пен 12 мың қоқыс жәшігі ауыстырылады