Су, жылу, жарық жоқ: Петропавлдағы баспаналы болған тұрғындар үйіне кіре алмай отыр

28.10.2022 в 19:41

Жауапты мердігер уақытша жылу қазандығын орнатпақ

Петропавлдағы жаңадан пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үйде су, жылу, жарық жоқ. Баспаналы болдық деп қоныс тойын тойлаған тұрғындар әлі күнге дейін үйлеріне кіре алмай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Петропавл қаласының тұрғыны Еркебұлан Сегізтаев су жаңа баспанасына жарты жыл бұрын кіруі керек еді. Бірақ үйге су, жылу, жарық қосылмағандықтан, онда тұру мүмкін емес. Тіпті, үш бөлмелі пәтердегі жөндеу жұмысын тоқтатуға тура келген. Суықтың салдарынан жасалған жұмыс зая кетуі мүмкін.

«Семьямыз бар, жаңа жылға дейін көшеміз деп жоспарлағанбыз, білмейміз, оған дейін бола ма, болмай ма? Жылу мәселесі қалай шешіледі? Енді суық үйде қабырға көгере бастайды, жылу болмаса болмаса, ол қалай? Балаларымыз, өзіміз де ертен ауру боламыз ғой», – деді қала тұрғыны Еркебұлан Сегізтаев.

Ал Валерий Лысенко жағдай жасалмағандықтан басқа пәтер жалдап тұруға мәжбүр.

«Үй маусым айында келісімшарт бойынша тапсырылуы керек еді. Бірақ жұмыс тоқтап тұр. Жарық та, жылу да, ештеңе жоқ. Алтыншы ай өтті, үй толықтай тапсырылуы керек еді», – деді қала тұрғыны Валерий Лысенко.

Тұрғындардың шағымынан кейін кездесуге келген қала әкімінің орынбасары сумен жабдықтау жүйесі 80% дайын екенін айтты. Ал жылу мәселесі келесі айдың соңына дейін аяқталатынына сендірді. Осы уақыт аралығында жауапты мердігер уақытша жылу қазандығын орнатпақ.

«Бұл үйді жекеменшік медігер компания салып жатыр. Өзі сатып жатыр. Біздің жақтан, әкімдік коммуникация жұмысы өткізіп жатыр. Барлық жұмыстар қараша айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Қала әкімінің орынбасары мұндай мәселе болмау үшін МИБ құру керегін айтты. Ал оны жүзеге асыру ұзақ уақытты талап етеді.  

Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан