Биыл Жеңіс күніне арналған әскери шеру өтпейді – Қорғаныс министрлігі

20.04.2022 в 14:55

Бір әскери шеру өткізуге шамамен 4 млрд теңге керек

Биыл Жеңіс күніне арналған әскери шеру ұйымдастырылмайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бір әскери шеру өткізуге шамамен 4 млрд теңге керек. Сол себепті ақшаны ысырап етпеу үшін Жеңіс күнінде шеру ұйымдастырылмайды деп қабылданды. Осылай деген Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қазіргі басымдық жауынгерлік әзірлікті арттыруға беріліп жатқанын атап өтті. Келесі жылы экономикалық жағдай жақсарса, шеру өткіземіз деген ойын жеткізді. Сондай-ақ, 7 мамыр Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері күні мен 9 мамырды шатастырмау қажеттігін айтты.

«Қазіргі уақытта Қазақстан Қарулы Күштерінің алдында маңызды міндеттер тұр. Оларды Жоғарғы Бас қолбасшы айқындап берді. Бәрін жүзеге асыру және бюджеттен қаражат сұрау – шығын. Мәселен, жанар-жағармай материалдары, іс-сапар шығындары, жеке құрамның тамақтануы тағы бар. Жақында ғана оқу-жаттығуды аяқтадық. Біз Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмаларын іске асыруды ескеріп, Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығымен айналысқан орынды деп санаймыз», – деді ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.

Ведомство, алайда мерекеге орай әскери-патриоттық іс-шаралар өткізіледі деп мәлімдеді. Ұлы Отан соғысының және Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагерлерін құрметтеу жөніндегі жиындар да бар.

«Қорғаныс министрлігімен еліміздің барлық өңірінде өткізілетін 50-ге жуық түрлі шара жоспарланған»– деп атап өткен ведомстводан.

Министр Жамбыл облысында із-түссіз жоғалған әскери қызметкер туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, жұмыс көлемі өте ауқымды. Мамандар жерді тексеру және елеу жұмыстарын жүргізуі керек.

«Бұл үлкен шығын. Атқарылатын жұмыстар жеткілікті. Біз қызметкердің отбасынан қайтыс болды немесе хабарсыз кетті деп тану туралы ұсындық. Егер солай деп танысақ, мемлекет тарапынан төлем алатын еді. Бірақ отбасы келіспеді. Әрине, отбасын түсінеміз, сондықтан іздеуді жалғастырып жатырмыз. Іздеуді тек біз емес, Ішкі істер органдары да жүргізіп жатыр», – деді ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.