Премьер-министр газдандыру ісін биыл аяқтауды тапсырды

22.02.2023 в 14:51

Үкімет алдына қойған биылғы меже – республика бойынша газдандыру ісін 60 пайызға жеткізу

Елімізде газдандыру ісі әлі де ақсап тұр. Қазір халықтың 40 пайыздан астамы көмір тасып, от жағу машақатымен отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мемлекет басшысы Үкімет алдына қойған биылғы меже – республика бойынша газдандыру ісін 60 пайызға жеткізу. Демек 11,8 миллионнан астам тұрғыны бар 1800 елдімекен газбен қамтылуы тиіс. Алайда Алматы, Түркістан және БҚО-дағы бірнеше ауыл әлі күнге көгілдір отынның қызығын көре алмай келеді. «Ауылдағы ағайын газ жетеді деп күткелі 10 жылдан асты» деді Әлихан Смайылов. Мұнымен қоса, қазіргі күні кей өңірге газ құбыры тартылғанымен, оған қосылу құны қымбат.

«Марат Елеусізұлы, Алматы облысының тұрғындары газға қосылу құны қымбат деп шағым айтып жатыр. Бұл – Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ ауданында тұратын көпшіліктің пікірі. Олардың айтуынша, газ тарату желілері жоқ, рұқсат құжатын алу қиын және қымбат. Бұл – басқа да өңірге қатысты проблема», – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов

Газға қосылу бағасының тым қымбаттығын Болат Ақшолақов та мойындады. Энергетика министрі қазір бұл мәселе бойынша «Қазақгаз» бен жергілікті әкімдіктер бірлесіп, ортақ шешім қабылдап жатқанын айтты. Оның айтуынша, көгілдір отын тарту құнын төмендетуге қатысты бірнеше ұсыныс қарастылады.

«Әр ауылды немесе қаланы газға қосу жергілікті әкімдіктің құзыретіне жатады. Егер олар бізге газды қосуға ұсыныспен шығатын болса республикалық бюджетке еңгізу керек. Бұл қаражат соларға жіберіледі. Қанша тұрғынға қосылу керегін жергілікті әкімдік шешеді», – деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Иендегі елдімекендерді алмағанда қазір еліміздің бас қаласында халықты газбен қамту мәселесі әлі шешімін таппай келеді. Көк түтінге көміліп, ауаның ластану деңгейі бойынша Астана әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Мұны Үкімет басшысы да баса айтты. Астана қаласы, Қарағанды және Ақмола облысына табиғи газ тарту ісінің деңгейі төмен екенін жеткізді. Сағызша созылып кеткен бұл мәселені Премьер-министр биыл аяқтауды тапсырды. Еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру ісіне қатысты 1 мамырға дейін түпкілікті шешім дайындауды тапсырды.