Жаппай тәртіпсіздік кезінде 1630 ШОБ субъектісі қираған

14.03.2022 в 16:29

Бүгінге дейін жұмысына залал келген кәсіпкерлердің 75 пайызы өтемақы алып үлгерді

Жыл басындағы тәртіпсіздік кезінде еліміз бойынша 1630 шағын және орта бизнес субъектісі қираған. Жалпы келтірілген шығын көлемі 38 млрд теңгеден асады. Бүгінге дейін жұмысына залал келген кәсіпкерлердің 75 пайызы өтемақы алып үлгерді. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кәсіпкерлерге өтамақы беру төлемдер резервінен және жеке қаражат есебінен жүзеге асырылып келеді. Сын сағатта мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге тек ақша төленіп қана қоймай, мемлекеттік мүлікті жалға алудан босату және салықтар мен алымдарды төлеу мерзімін өзгерту сынды жеңілдіктер де көрсетілуде.  

«Өтемақы жергілікті атқарушы органдар жанындағы өңірлік комиссиялармен келтірілген залал сомасы мен құжаттық расталғаннан кейін жүзеге асырылады. Бұл ретте жеңілдетілген тәртіпте фискалдық чек деректеріне сүйене отырып, кәсіпкерлер 10 млн теңгеге дейін өтемақы ала алады», - деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.  

Сондай-ақ қаңтар қасіреті кезінде бизнес субъектілерінен бөлек, еліміздің 8 облысында 42 мемлекеттік мекеме зардап шекті. Ғимараттарды қайта қалпына келтіру жұмыстары қазір әр өңірде қарқынды жүргізілуде. Нұқсан келтірілген нысандардың басым бөлігі Алматыда орналаcқан. Соның бірі – қалалық әкімдік пен Қазақстан телеардиокорпорaциясының студиясы. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, мекемелердің жөндеу жұмыстары толығымен қазан айында аяқталады.  

«Алматыда кәсібіне келген шығынға өтемақы әлі де ала алмай жүрген азаматтар бар. Олардың саны бүгінде – 50. Басты себеп – Ұлттық банк бекіткен механизмдердің күрделілігі. Тиісті Үкімет басшыларына осы мәселені біржақты шешуді ұсынамын», - деді «Ақиқат» қоғамдық комиссияcының жетекшісі Айман Омарова.