Карантин уақытында үйдегі зорлық-зомбылық 20 пайызға артқан

24.06.2020 в 21:00

Оқшаулану кезінде 7 жарым мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты

Құқықтық статистика комитетінің ақпараты бойынша былтыр елімізде мыңнан астам отбасылық зорлық-зомбылық құқық бұзушылық тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал, карантин кезінде көрсеткіш 20 пайызға артқан. Оқшаулану кезінде отбасылық-тұрмыстық қатынастарда құқыққа қайшы әрекеттер үшін 7 жарым мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Бүгін аталған мәселе Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның төрағалығымен ұйымдастырылған онлайн-форматтағы кезекті дөңгелек үстелде талқыланды. Әртүрлі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату, алдын алу, құқық бұзушыларды қоғамдық жұмыстармен жазалау, дағдарыс орталықтарының желісін кеңейту секілді маңызды мәселелерге қатысты өз ойларын ортаға салды. Министр бұл мәселеде тек құқықтық шаралар ғана емес, қоғамда жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс дегенді алға тартты.

«Бұл жағдай бізді алаңдатып отыр. Үйдегі зорлық-зомбылық қоғамдық резонансты қалыптастыратыны анық. Күн сайын БАҚ-та және әлеуметтік желіде отбасылық сұмдық жанжалдардың оқиғаларын көреміз. Осы жанждалдар трагедиямен аяқталып, балалар жетімдіктің тауқыметіне тап болып жатады. Қазіргі уақытта Мәжілісте отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша Заңды жетілдіру бойынша ұсыныстар жан-жақтыталқыланып жатыр. Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам интситуттарынсыз тиімді нәтижеге қол жеткізе алмаймыз», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.  

Ал, Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Нұркина отбасыда жанжал шығарғандар баспанадан уақытша шығарылатынын және психокоррекциялық бағдарламадан өтуге міндеттелетінін айтты.

«Депутаттар зорлық-зомбылық фактісі болып, адам өміріне қауіп төнген жағдайда отбасылық агрессор мен жәбірленушінің 10 күнге дейін бір баспанада тұруына тыйым салу бастамасын қолдады. Сот қарым-қатынасы орнаған жағдайда, құқық бұзушы психокоррекциялық бағдарламадан өтуге міндеттеледі. Қажет болған жағдайда өзге баспанасы бар-жоғына қарамастан ортақ баспанадан уақытша шығуға да мәжбүр болады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айгүл Нұркина.