Елімізде кәріз жүйесін жақсарту мақсатында арнайы жол картасы іске асырылмақ

27.12.2022 в 14:57

Бүгінде Сарыағаш, Атырау, Форт-Шевченко қалаларында жөндеу жұмыстары басталған

Қазақстанда алдағы 5 жылда 68 қаланың кәріз-тазарту жүйелері жаңғыртылады. Президент тапсырмасына сәйкес, бұл бағытта арнайы жол картасы іске асырылмақ. Бүгінде Сарыағаш, Атырау, Форт-Шевченко қалаларында жөндеу жұмыстары басталған. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Министрдің айтуынша, қазір республикада кәріз тазарту жүйелерінің тозу деңгейі 60%-ға жеткен. 89 қаланың 27-сінде бұл жүйе қарастырылмаған.

«Министрлік осы бағытта қаржыландырудың екі тәсілін пысықтады. Біріншіден, мемлекеттік кепілдікті ұсына отырып, халықаралық қаржы ұйымдарының зайым тарту. Аталған тәсілді халқы 45 мыңнан асатын 26 ірі қалада жүзеге асыру көзделген. Екіншіден, республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер есебінен іске асыру. Осы тәсіл халық саны 45 мыңнан аспайтын 36 шағын қалада жүзеге асырылатын болады», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.