|
17.11.2021 | 14:59
1165

Жол жүру ережелерін бұзған жүргізушілерге үш күнде 9 млн теңге айыппұл салынды

Өткен аптада 500-ден астам адам жүргізуші куәлігін алуға арналған теориялық сынақтан өтпей қалған

Алматыда 3 күннің ішінде 1500-ге жуық жүргізуші жолда жүру ережесін бұзған. Заңды елемеген 1 мыңдай алматылық 9 млн айыппұл арқалаған. Тәртіп сақшылары мұндай құқықбұзушылықтардың көбеюі жүргізушілердің жол ережесін дұрыс ажырата алмауынан дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінгі таңда жүргізуші куәлігін иеленгісі келетін жандардың қатары көп. Тек өткен аптаның өзінде бұл құжатты алуға 747 өтінім түсіп, олардың 550-і алғашқы теориялық сынақтан өтпей қалған. Олардың қатарында 4-курс студенті Бағдат Мысыров та бар. Ол тестке қатты дайындалмағанын да жасырмады. Бірақ жүргізуші куәлігін сатып алу ойында да жоқ екен.

«Мен бүгін жүргізуші куәлігін алу үшін тест тапсыруға келгем. Тесттен өткен жоқпын. Сұрақтар қиын болды. Өзім қатты дайындалғаным жоқ. Жүргізуші куәлігін сатып алу дегенді ойлаған да емеспін», – дейді қала тұрғыны Бағдат Мысыров.

Жүргізуші куәлігін алушылардың басым көпшілігі көлік жүргізу мектептерінде білім алған. Бұл тұрғыда автомектептердің тигізер үлесі зор дейді мамандар. Оқуды аяқтаған соң түлектер теориялық сынаққа тыңғылықты дайын болып баратынын айтады.

«Оқыған студенттер ертең ХҚКО-ға барғанда емтиханды өзі тапсыратындай болуы керек. Қазір көріп отырсыздар, тапсыру өте қиын. Бірақ бізде оқыған оқушылардың 70-80% өзі тапсырып өтіп кете алады. Өйткені біздің мұғаліміміз жол жүру ережелеріне үйретіп, тесттен өте алатындай етіп дайындайды», –деді көлік мектебінің директоры Қарғали Қазамбаев.

«Берсе қолынан, бермесе жолынан» алуға тырысқандардың тыраштануына қазір жол жоқ. Жаңа заң аясында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, тексеріс бұрынғыдан да арта түскен. Қалалық «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында жүргізуші куәліктерін беру қызметін көрсетудің біріңғай жаңа алгаритмі құрылған. Десе де, ауадан ақша жасағысы келетін алаяқтарға алданып қалып жатқандар да баршылық.

«Сондықтан да қызмет алушылардан сұраймыз. Алаяқтарға ешқандай ақша бермеңіздер, ұсынбаңыздар, ондайды іздемеңіздер. Таза жолмен тапсырсаңыздар, теориялық емтиханды тапсыруға болады. Еш сұраө аспаннан алынған жоқ. Жол қағидалары ережелерін оқып, дұрыстап дайындалып келсе, өтуге болады», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Алматы қаласы филиалының директоры Мұхтар Отарбай.

Еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің жүргізген зерттеуінен кейін барлық аймақтағы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге қатаң тыйым салынғандай болды. Алдағы уақытта барлық мекемелерде теориялық емтиханды тапсыру кезінде тұлғаны арнайы биометриялық тану жүйесі енгізілмек. Бұл жүйе сынаққа келген адамның жеке тұлғасын анықтап, тест тапсырушыларды кездейсоқ орынға жайғастыруға мүмкіндік береді.

Елдің есін алып, көлік айдап елдіргендер азаймаса ертеңгі күніміз қараң. Жүргізуші куәлігіне қолы жеткендерге Жандарбек Бұлғақовша айтсақ:

Тигенше тоқтамайсың тасқа басың,

Жылдамдықты асырып мақтанасың.

Бұл дүниеде мініп жүрген көлігіңіз.

О дүниеге жеткізіп тастамасын. 

Жақсылық Зинешов, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Подписывайтесь на наш Telegram
Узнавайте обо всем первыми. Если есть, что сообщить, пишите нам в WhatsApp
Новости партнеров

Лента новостей

След. →
Прямой эфир