«Баланың көретін жері жоқ»: 18 жастағы сарбаздың денесі жер қойнына тапсырылды

25.04.2022 в 19:15

Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылған Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты тексеру жұмысын бастады

Әскерге аттанып, мезгілсіз мерт болған 18 жастағы сарбаздың денесі бүгін жер қойнына тапсырылды,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қайғыдан қан жұтқан отбасына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтып, Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне, құзырлы органдарға марқұмның ісі бойынша оқиғаның шынайы себептерін анықтауды жүктеді.  18 жастағы ұлын ақтық сапарға шығарып салу үшін марқұмды туған ауылына әкелді. Марқұм Әлібек Қалбай Жамбыл облысы Қордай ауданындағы әскери бөліміне Маңғыстау облысына қарасты Ақшұқыр ауылынан 13 сәуірде аттанған. Ал 22 сәуірде Гвардейск әскери қалашығындағы госпитальде көз жұмған. Туыстарына бұл суық хабарды қатардағы жауынгер жеткізіпті.

«Баланың көретін жері жоқ. Бүйрегі, іші, қолдары, басы көгерген. Құлағының артында бірдеңе тағылып тұрды, біз шыдай алмай шығып кеттік. Камерада жазылған, дәлел бар көрсетеміз. Экспертиза шықсын, сол кезде ғана шығарамыз. Оған дейін жария етпейміз», – деді марқұмның туысы Динара Тілесова.

Әскери бөлімдегілердің айтуынша, жауынгер сапта тұрған жерінен басы айналып құлаған. Бірақ марқұмның туыстары мұнымен келіспейді. Олардың сөзінше, сарбаздың денесінен ұрып-соғу белгілері байқалған.

«Мәйітке соттық-медициналық сараптауды жүргізуде қаза болғанға дейін жарақаттар мен көгерулер анықталмағанын  айта кеткен жөн. Қазіргі уақыттағы тері қабаттарының өзгеруінің бар болуы соттық-медициналық сараптауды жүргізумен және қаза болудың биологиялық процесімен байланысты», – деді ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары Серік Борамбаев.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, марқұмның ісі бойынша тергеуді ІІМ-нің әскери тергеу органдары жүргізіп жатыр. Ал олар тәуелсіз және Қорғаныс министрлігіне есеп бермейді.

«Жас балаларды психологиялық тұрғыда дайындау қажет. Ал оны мектеп кезінен бастаған жөн. Жастарды рух жағынан мықты болуға үйретіп, «Алғашқы әскери дайындық» сабағына арнайы жаттығуларды қосу керек», – деді  Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері ұйымдары үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбдішүкіров.

Ауған соғысының ардагерінің айтуынша бейбіт күнде сарбаздың қаза табуы дайындықтың жоқтығынан. Өзге сарапшылар да мұндай жағдайдың соңғы уақытта жиілеп кеткенін алға тартты. Айта кетейік, Жамбыл облысында көз жұмған екінші сарбаз.

Оразай Нұртай, Ялкунжан Әшімжан, «Алматы» телеарнасы