Қазақстандықтардың қажылыққа баруы екіталай: мешіт имамы сабырлыққа шақырды

08.06.2021 в 18:47

Оған себеп – карантиндік шектеу мен вакцина

Биыл қазақстандықтардың қажылыққа баруы екіталай. Оған себеп – карантиндік шектеу мен вакцина. Сауд Арабиясының талабына сәйкес, биыл тек Еуропалық одақта тіркелген екпені алғандар ғана қажылыққа бара алады. Одан бөлек, қасиетті сапарға бару үшін тағы қандай талап бар? Биылғы қажылық қай уақытқа сәйкес келеді? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын айтады.

Әл-Харам мешіті – бұл әлемдегі ең алғашқы салынған мінәжат үйі. Әдетте жыл сайын мұнда 3 миллионға жуық мұсылман қажылық жасайтын еді. Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрлігі биылғы қажылыққа әлем бойынша бар жоғы 60 мың ғана квота бөліп отыр. Бірақ оны қай мемлекетке қаншадан бөліп беретіні әлі де белгісіз. Қасиетті сапарға баруға ниет еткен жанның бірі Зәуре Кенжеғалиқызы. Ол қажылықты осымен екінші мәрте кейінге шегеруге мәжбүр.

«Менің өзімнің атам Абыралы Құнанбай қажымен біріге қажылыққа барған. Елімізде тыныштық болып, болып жатқан карантин басылып, халқымыз аман болып, қажылыққа бұрынғыдай жол ашылса екен деген тілектемін. Барша мұсылмандардың атынан тілеуім сол», – деді қала тұрғыны Зәуре Әлімбаева.

Квота мен жас бойынша шектеуден бөлек, негізгі талаптардың бірі вакцина. Қажылыққа баратындар Сауд Арабиясында ресми түрде бекітілген екпенің екі компонентін де алуы керек. Олар: Pfizer, AstraZeneca, Johnson & Johnson немесе Moderna. Қазақстандықтарға тек отандық QazCovid-In, ресейлік Спутник-V және қытайлық Hayat-Vax қолжетімді екені белгілі.

«Осы талаптар шыққан кейін жасалған тағы бір әрекет біздің өкілетті органдар арқылы Қазақстанның денсаулық сақтау минстрлігіне және де басқа орындарға сол Сауд Арабия мемлекеті талап еткен вакцинаның бірін қажылықа баратын Қазақстан азаматтарға салу үшін елімізге алдыру мүмкіншілігін қарастыруды қолға алып жатырмыз», – деді ҚМДБ қажылық бөлімінің басшысы Жанділдә Ержігітов.

Ислам дініндегі бес парыздың бірі қажылықты өтеу әр адамның қаржылық мүмкіндігі мен денсаулығына тікелей байланысты дейді ұстаз Қуаныш Әбішов. Айтуынша, бүкіл әлем осындай сын сағатқа тап болған кезде қасиетті сапарды кейінге шегеруде тұрған ағаттық жоқ. Себебі ислам діні адам денсаулығын басты орынға қоятынын айтады.      

«Мына жағдай тұрақты емес, мысалы, қазір «қызыл» аймаққа кіреміз, кейіннен «жасыл» аймаққа шығамыз. «Жасыл» аймаққа шықтық деген сөз қажылыққа дейін сол аймақта тұрамыз деген сөз емес, «қызыл» аймаққа түсіп қалуымыз мүмкін. Ал, Сауд Арабиясы «қызыл» аймақта тұрған елдерден адам шақырмайды. Енді қажылықтың болмау коэффициенті жоғары болып тұр. Ел азаматтарын осындай қиын қыстау кезеңде сабырлыққа шақырамыз», – деді қалалық Орталық мешіттің ұстазы Қуаныш Әбішов.

2019 жылы Сауд Арабиясы қазақстандықтардың қажылыққа баруы үшін 3 мыңнан астам квота бөлген. Ол кезде елімізден қасиетті сапарға баруға 12,5 миллион доллар жұмсапты. Айта кеткен жөн, қажылық Сауд Арабиясы үшін маңызды индустрияның бірі. Осы арқылы жыл сайын елге 11 миллиард доллар кіріс келеді дейді сарапшылар. Биылғы қажылық уақыты шілде айының 17 мен 22 аралығына сәйкес келеді.  

Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы