Енді Конституция заңдары Парламенттің бірлескен отырысында қаралады

19.12.2022 в 15:16

Заң жобасының көшірмесі екі күннен кешіктірмей Сенатқа жіберіледі

1 қаңтардан бастап Конституция заңдары тек Парламенттің бірлескен отырысында қаралады, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Бүгін қос палата Парламенттің регламентін бекітті. Енді Конституция заңдардың жобалары бойынша кемінде екі оқылым өткізу міндетті болады. Ол Парламент Мәжілісінде тіркеледі. Заң жобасының көшірмесі екі күннен кешіктірмей Сенатқа жіберіледі.

«Сенат пен Мәжіліс бірлескен отырыстарда конституциялық заңдар қабылданады. Одан кейін жаңағы жедел заңдар деген конституцияда бар ғой, сондай заңдарды Парламенттің екі отырысында қарайды. Сенатсыз Парламент  жұмысы жасамайды», – деді ҚР Әділет министрі Қанат Мусин.

Сондай-ақ келесі жылдан бастап халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайға жедел ден қою мақсатында Үкіметтің заңнамалық бастамасы тәртібімен енгізілген заң жобалары дереу қабылданады. Ондай заң жобасы Мәжілісте тіркеледі. Мәжіліс төрағасы Парламент Палаталарының бірлескен отырысын заң жобасы келіп түскен күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей шақырады.

«Бірлескен отырыста Үкіметтің өкілі баяндама жасайды, содан кейін депутаттар баяндамашыға сұрақ қояды және жарыссөзде сөйлеу үшін сөз ұсынылады. Қажет болған жағдайда заң жобасын қарау үшін Парламент палаталарының бірлескен комиссиясы құрылуы мүмкін, бұл депутаттарға заң жобасы бойынша өз ұсынысы мен ескертуін енгізуге мүмкіндік береді», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов.