Президент көңіл айтты: Алаш жұрты Әбдіжәміл Нұрпейісовпен қоштасты

07.02.2022 в 19:01

Бүгін Алматыда жазушыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті

Бүгін Алаш жұрты әдебиет абызы Әбдіжәміл Нұрпейісовті ақтық сапарға шығарып салды. Театр төріндегі қаралы жиынға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен қаламгерді құрмет тұтқан қалың көпшілік жиналды. 98 жасқа қараған шағында өмірден өткен жазушы шығармашылық жолын «Курляндия» романымен бастап, оқырманға «Қан мен тер», «Соңғы парыз» сынды сүйекті жанрдағы сүбелі еңбектерін тарту етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

  

«Қан мен тер». Әбдіжәміл Нұрпейісов дегенде, өткен ғасырдың әдебиеті дегенде қазақ түгілі жаһан жұрты ауызға алар сөздің бірі – осы. «Қан мен тер» – қазақ жазушы өнерінің биігі. Бүгін сол биікте қазық болған Нұрпейісовті қалың қазағы ақтық сапарға аттандырды. Қазық деуге негіз бар. Заманында заңғар зерттеуші болған Зейнолла Қабдолов Әбдіжәміл ағаны суырылмайтын қазыққа теңепті. Бұл қаламгердің тастай берік мінезіне, бітім-болмысына қарата айтылған сөз еді.

«Бұл кісі әр сөзін он оқып, жүз қарап, жүз тексеріп барып, әрең дегенде қол қоятын. Кітаптарының көбі редакторсыз шықты. Өйткені, келіспейтін. Мәскеуде де солай», - деді жазушы, драматург Дулат Исабеков.

«Талантты адам көрсе, талантты шығарма оқыса, «Әдебиетке бір жаңа есім келді!» деп баладай қуанатын. Алыптардың соңғы тұяғы өмірден кетті десе болады», - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, журналист Қали Сәрсенбай.

Нұрпейісов әдебиетке ең сүйекті жанр – романмен еніп кірген жүйрік тұлпар еді. Кешегі қазақ классиктерінің соңынан аттанған абыз ақсақалын бүгін мәңгілік мекеніне шығарып салған елі оның көп жұртқа жақпайтын, бірақ дарыны бәрін ақтайтын болмысын биік тұтады, бөлек көреді.

«Жүз жасап, халықтың тілегін арқаласа да, бір қазасымен қаймана елдің жүрегін жаралады. Өйткені, Әбдіжәміл қазақтың қаны мен тері ғана емес, халықтың жаны мен ары еді. Ұлт руханиятының алтын діңгегі еді», – деді ҚР мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов.

«Біз Әбеңмен емес, тұтас бір дәуірмен қоштасып тұрмыз. Тек қазақ әдебиетінің тарихындағы дәуір емес, ұлт руханиятының тарихындағы дәуір. Қарап отырсақ, ағамыздың бір ғасырлық ғұмырына еліміздің, ұлтымыздың бір ғасырлық тарихы енді», - деді ҚР мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин.

Әдебиет әлеміне қанды қырғыннан кейін келген Әбдіжәміл соғыстан орала салысымен ауылына тура тартпай, Алматыдағы ақсақал жазушылардың ортасына барыпты. Ондағы Мұқанов, Мүсірепов, Мустафин мен Әуезовтің алдына жол қапшығын ашып, 12 беттік қолжазбасын ұсынады. Аға буынның ақ ниетімен осылай басталған Әбдіжәміл әдебиеті өз оқырманын тұп-тұра 72 жыл тербепті. Қалың оқырман барда «Қан мен тер» де, «Соңғы парыз» бен «Курляндия» да көңіл көкжиегінде тербеле береді.