Банкрот болған тұлғаларға қандай шектеулер қойылады

09.02.2022 в 20:34

Қазақстанда азаматтардың банкроттылығы рәсімінің 3 түрі енгізілмек

Бүгін Қаржы министрлігі қандай жағдайда кредит кешірілетінін түсіндірді. Вице-министр Марат Сұлтанғазиев жеке азаматтардың банкроттығы туралы заң жобасының негізгі нормаларын түсіндірді. Оның айтуынша, «банкрот» деп жарияланған адамның жалғыз баспанасынан басқа мүлкі мен ақшасы болмаса, қарызы кешіріледі. Бірақ нақты шектеулер болады. Атап айтқанда, заң жобасында бес жыл бойы кредит пен займ алуға тыйым салынады. Бұдан бөлек, үш жылға елден тыс жерге шығуға рұқсат етілмейді.  Шетелге тек емделуге, жақын туысын алып баруға және жақын туысын жерлеуге шығуға мүмкіндік беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев жеке азаматтардың банкроттығы туралы заң жобасының негізгі нормаларын түсіндірді. Мысалы тұрақты табыс және қарызды жабуға мүмкіндік болмаса, банкрот жариялау шарасын қолдану ұсынылып отыр. Оның екі түрі болады. Біріншісі - сотсыз банкроттық, екінші - сот арқылы банкроттық жариялау.

Сотсыз банкроттықты жариялау туралы өтініш электронды үкімет порталы арқылы жіберіледі. Бұдан бөлек «Е-салық азамат» мобильді қосымшасы арқылы жіберуге де мүмкіндік бар. Бұл ретте сотсыз банкроттыққа жүгіне алатын адамдардың нақты санаттары анықталды.

Вице-министрдің айтуынша, қарыз көлемі 5 миллионнан асатын борышкерлер банкроттықты сот арқылы жариялайды. Мүлік болса, сауда-саттық арқылы сатылып, кредитті жабуға жіберіледі. Қалған қарызы кешіріледі. Ал жалғыз баспанасын кепілдікке қоймаған болса, кредитор оны алып қоя алмайды. Сонымен қатар, Марат Сұлтанғазиев банкрот деп танылғаннан кейін белгілі бір қызметпен айналысуға шектеу қою туралы ұсыныс заң зобасында талқыланғанын, бірақ содан кейін ол алынып тасталғанын айтты.

«Жағдайлар қарастырылған. Шетелге емделуге барса немесе емделген адамның жанында бірге серіктес болып бара алад. Ал демалысқа немесе басқа да мақсаттармен баруына шектеу қойылады. Эксперттер сондай ұсыныстар беріп жатыр. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке жұмысқа тұрмасын немесе заңды тұлғаның жетекшісі, құрылтайшысы болып табылмасын деген ұсыныстар қазір талқыланып жатыр. Қазіргі заң жобасында тек қана несие алу мен шетелге шығу шектеулері көзделген», - деді ҚР Қаржы бірінші вице-министрі Марат Сұлтанғазиев.

Одан бөлек, елімізде 1 млн-нан астам азамат несиелерді өтеу мерзімін бұзған. Вице-министрің айтуынша, коммуналдық төлем, салық бойынша берешегі бар азаматтардың да қатары мол. Қазір елімізде проблемалық несиелердің мөлшері шамамен 1 трлн теңге.

«Елімізде 1 млн-нан астам азамат несиелерді өтеу мерзімін бұзған. Егер бір-екі ай кешіксе, онда тұрған ештеңе жоқ. Ал алты ай кешіксе банкрот деп жариялауға мүмкіншілік береміз. Коммуналдық төлемдердің қарызы одан аздау. 20 млрд теңге көлемінде болады. Салықтар бойынша адамдардың тағы 20 млрд теңге берешегі бар», - деді Марат Сұлтанғазиев.

Вице-министр Марат Сұлтанғазиевтың айтуынша, банкрот жариялау басқа дамыған елдердің тәжірбиесінде де болған. Мүлігі бар болса да, өзін банкрот жариялайтын адамдар үшін Қылмыстық кодекс бойынша шаралар қолданылатынын да еске салды. Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы арнайы заң жобасы 4 ақпанда ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралды. Алайда жаңа заң келесі жылдан бастап күшіне енеді деп жоспарланып бар.

Қаламқас Нысанбай, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан