Алматылықтар Дінмұхамед Қонаевты еске алды

12.01.2024 в 15:29

Бүгін Дінмұхамед Қонаевтың туған күні

Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 112 жыл толды. Дәстүрге сай Алматыда белгілі тұлғаның ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шараға оның қызметтес ізбасарлары, қайраткерлер, соғыс және еңбек ардагерлері мен туған-туыстары қатысып, ыстық естелігін бөлісті. Халқына еңбегі сіңген тұлғаның адалдығы мен әділдігі дәріптеліп, Ұлттық ұлан курсанттары ақ көгершіндер ұшыру акциясын ұйымдастырды.

– Еске алуға келіп жатқан жандардың қарасы қалың. Басым бөлігі – жастар. Жастардың ел тарихына қызығушылық танытып, мемлекетіміздің дамуына үлес қосқандарды ұлықтап жатқаны қуантады. Ол кісі менің есімде мейірімді және қамқор адам ретінде сақталған. Өте қарапайым жан болды, – деді Д. Қонаевтың жиені Диар Қонаев.

Дінмұхамед Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Алматыда дүниеге келген. ҚКПОК-нің бірінші хатшысы үш мәрте Социалистік еңбек ері атанған. Ол ел басқарған жылдары республиканың өндірістік әлеуеті өсіп, өнеркәсіп көлемі, ауыл шаруашылығы, құрылыс салалары бірнеше есе артқан. Қайраткердің бастамасымен еліміздің табиғи ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында ғылыми зерттеулер жүргізілді. Қонаевтың өзі 100-ден аса ғылыми еңбек жариялаған.

– Облыстық комсомол комитетінде жұмыс істеген кезімде Дінмұхамед Ахметұлымен жиі бір дастархан басында отыратынбыз. Ол жастарға көп қолдау көрсететін. Өте мейірімді, қолы ашық жан еді. Ұлы істерімен ел есінде қалған ұлы адам дер едім, – деді қоғамдық бірлестік басшысының орынбасары Михаил Киндалев.