«Нұрлы Дала» тұрғын үй кешенінде неліктен су тоқтап қалғаны анықталды

14.10.2021 в 16:37

Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұратын тұрғын үйде бір аптадан бері су тоқтап қалған

Алматыдағы «Нұрлы Дала» тұрғын үй кешенінің тұрғындары бір апта бойы сусыз отырмыз деп дабыл қақты. Оның айтуынша, жаңа салынған тұрғын үйдің бұдан басқа да олқылықтары жетіп артылады. Ол аздай, аталмыш тұрғын үйге жауаптылар мәселені мүлде шешуге құлықсыз дейді тұрғындар. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұратын тұрғын үйдің түйткілін Almaty.tv тілшісі тыңдап қайтты.   

«Мемлекеттік бағдарлама мұрындық болған баспанадағы масқараны айтып тауса алмаймыз» деген тұрғындар «Нұрлы Дала» кешені әзірге нұрланбай тұр деп өкпелі. Апта сайын ауыз судан әбігерге түскен қара халық тірнектеп жүріп жеткен үйіміз күйімізді кетірді дейді.

«Жалғызбасты аналар мен мүгедектерге берілетін үйлерді неге дұрыстап салмайды? Неге Үкімет өз қарауына алмайды? Ауқатты адамдар тұратын аудандарда неге осындай проблемалар болмайды? Сонда біз сияқты адамдарды адам құрлы санамай отыр ма? Барлық жауапты орындар бір-біріне сілтеп жүре береді», – дейді Наурызбай ауданының тұрғыны Нұрбек Өтегенов.

Биліктен көңілі қалған жұрт тұрғын үй қауымдастығынан бастап, талай ақжағылалардың табалдырығын тоздырдық деп мұңын шақты. Ақыры айтарлықтай көмек болмаған соң мәселенің мән-жайын өздері анықтамақ болыпты.

«Кезекте тұрдық, менің балам мүгедек, сондай әкімдікте кезекте тұрдық. Су жоқ осыдан бір апта бұрын төрт күн бойы су жоқ болған. Бүгін өзіміз сол жерге барсақ, ешқандай жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Cерік Рахымжанов.

Кейін белгілі болғандай, аталмыш тұрғын үйді сумен қамтамасыз етіп отырған негізгі екі құбыр істен шығып, адамдар армандап жүрген ауыз су айдалаға арна салыпты.

Дүйім жұртты дүрліктірген даудың басы дәл осы қос құбырдың біреуінен болып отыр дейді мұндағы мамандар.

Көріп отырғандарыңыздай, құбыр жарылған. Судың бәрі далаға ағып, арнасы бұзылған. Енді мамандар бір-екі күнде жұмыс бітеді деп уәде етіп отыр.

«Судың бәрін сорғызып жатырмыз, ішінде 600 диаметрлік құбыр болғаннан кейін су өте көп. Бірнеше шақырымға созылып жатқандықтан, су әлі біткен жоқ. Ішінде су болғандықтан, жұмыс істеуге қолайсыз болып жатыр», – деді су құбырын жөндеуші маман Ғабит Еркебеков.

Ал аталмыш мәселені біржақты етеміз деген Алматы қаласының тұрғын үй саясаты бөлімі тиісті талапты мердігер мекемеге міндеттедік деп отыр.

«Наурызбай ауданы «Нұрлы Дала» тұрғын үй кешенінде 12 қазан күні су құбыры желілерінде апат болды. Қазіргі уақытта бас мердігер «АлматыИнжСтрой» мекемесі апат себебін анықтап, қажетті құрал-жабдықтарды жеткізді», – деді Алматының «Жайлы қалалық орта» басқармасы тұрғын үй бөлімінің бастығы Айдар Нұрқожаев.

Суды сатып немесе тасып алып жатқан қарапайым тұрғындар Наурызбай ауданы «Нұрлы Дала» түрғын үй кешенінін Пәтер иелері кооперативінің де жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Жуық арада жергілікті биліктің де бұл іске араласып реттеп береді деген сенімде.

Әлібек Шынтемір, Мұрат Тайжанов, «Алматы» теларнасы