Көкжал-2023: Қарулы күштер жауынгерлік іс-қимылдың әдіс-тәсілін пысықтады

07.04.2023 в 17:10

Мыңнан аса жауынгерді жиған оқу-жаттығудың сәтті аяқталды

Тың тактика, жаңа бетбұрыс. Қарулы күштер қатарындағы артиллерия мен армия авиациясы жауынгерлік іс-қимылдың әдіс-тәсілін пысықтады, деп хабарлайды Almaty.tv. 

«Мәтібұлақ» әскери полигоны. Мыңнан аса жауынгерді жиған оқу-жаттығудың соңғы кезеңі де сәтті аяқталды. Бір аптаға созылған жаттығу аясында роталық-тактикалық топ ішінен мобильді құрылым жасақталып, бөлімшелерді жауынгерлік жағдайда қолдануға баса назар аударылды.

«Оқу-жаттығуда жеке құрам мынау таулы аймақтағы әдістерін шыңдады. Айта кетерлік жағдай, бұл оқу-жаттығу Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тарихында алғаш рет орын алып жатыр. Мұндағы ерекшелік – жаңа мобильдік бөлімшелер құрылды», – деді 21451 әскери бөлімі мотоатқыштар батальонының командирі, майор Мұрат Тастаев.

Бөлімшелерге жүктелген міндет жетерлік. Мәселен, әртүрлі топтар мен зақымдау құралдарының мүмкіндігін зерттеу, олардың оңтайлы құрамы мен жағдайдың өзгеруіне жедел жауап беру қабілеті сыналды. Бұл тұста бөлімше командирлеріне де өз бетінше шешім қабылдауға жол ашылды. Ал атыс құралдарын классикалық әдіс арқылы қарсыласты жеңуге бағыттау – бұл жолы артиллерия үшін ұтымды жүзеге асты.

Қазір біз маневрлік қорғаныс жүргізілетін екінші алаңдамыз. Бұл аймақ таулы жер болғандықтан, оқу жаттығуда негізінен батальондық тактикаға баса назар аударылады. Қазір мына менің ту сыртымдағы іс-қимылдарға үш жүзден аса техника қолданылып жатыр.

Стандартты жаттығулардан алыстап, жаңа әдісті тәжірибеде сынап көрген жауынгерлер бұл іс қимылдарды жазғы оқу кезеңіндегі дайындықта тағы пысықтайды. Жаңа әдіс демекші, танкке қарсы артиллерия құралдарының қызметі бұл жолы аса сәтті өткізілген операция деп саналды. Олар алыс қашықтықтағы қарсыластың броньды нысандарын құрту үшін тың тәсіл тапты деп танылған.

«Соғыс, ұрыстың әдістерін қадағалап, оның дамуын, өзгерістерін ескере отырып, зерттеп оны оқу-жаттығуда іске асыру бізге мақсат болды. Бұл оқу-жаттығуда офицерлер мен жеке құрам үлкен тәжірибе және білім алды», – деді  «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев.

«Көкжал-2023» деп аталған оқу-жаттығуы тәжірибелік зерттеу бағытында өтті. Іс қимылдың практикада жүзеге асуын қадағалаған Қорғаныс министрі де әскердің тактикалық әлеуетін жоғары бағалады. Жылдап жаттығып, айлап айла іздеген, кешегі іс қимылда ерекше көзге түскен жауынгерлердің генерал-полковник қолынан марапат алғанын да айта кетейік.

Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы