«Самұрық-Қазына» туралы заңды қайта қарау немесе қорды жою керек – депутаттар

27.01.2022 в 19:42

Сенатор қорға қатысты "ел экономикасының дамуын тежеуші" деген баға берді

«Самұрық-Қазына» қоры туралы заңды қайта қарау керек немесе оны тіпті ел экономикасының дамуын тежеуші ретінде жою қажет. Бұл туралы сенатор Еділ Мамытбеков Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

    

Депутат өз сөзінде 600-ге жуық ұйымды қамтитын квазимемлекеттік секторды, әсіресе «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын түбегейлі реформалау жөніндегі Президент алға қойған міндеттерді іске асырудың маңызын атап өтті.   

«Соңғы уақытта «Самұрық-Қазына» қорына қатысты шағымдар аз емес. Бұған себептер де жеткілікті. Холдингтің құрамына көптеген қуатты институттар кіреді, олардан қайтарымын күткенімізге көп болды. Ал ол жоқ! Құр әңгіме, түсініксіз жоспарлар, жобалар, бағдарламалар ғана бар. Қордың басты кемшілігі – оның мемлекеттік көпмиллиардтық қаражатты бөлудегі және жұмсаудағы схемаларының көмескілігі мен шатасуы болып отыр», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Еділ Мамытбеков.

Ал сенатор Сергей Ершов Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында Президенттің әлеуетті саланы реформалау жөніндегі тапсырмаларын заңнамалық қамтамасыз етуге қатысты проблемаларды атады. Сонымен қатар Парламенттің бастамасы бойынша тиісті заң жобасы әзірленіп, қазір Үкімет қарауында жатқанын айтты.  

«Заң жобасында жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіруге, қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарын жекешелендіру ерекшеліктерін заңнамалық реттеуге, діни экстремизмнің алдын алуға, мемлекеттік шекараны қорғау мен күзетуді ұйымдастыруға және жүзеге асыруға бағытталған түзетулер көзделген. Осылайша, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді заң жобасының мазмұнын кеңейту есебінен заңнамалық түрде шешуге болады», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сергей Ершов.