Қазақстанда халық санағының екінші кезеңі басталды

01.10.2021 в 20:37

Үйлерді аралау 30 қазанға дейін жалғасады

Бүгіннен бастап статистика мамандары үй-үйді аралап, онлайн санақтан өтпеген адамдардың сауалнама парақшаларын толтырады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, санаққа онлайн қатысқан азаматтарға интервьюерлер сауалдарына қайталап жауап берудің қажеті жоқ. Онлайн өту мүмкіндігі 15 қазанға дейін қолжетімді болады. Осы орайда бюро басшысы интервьюерлердің киіміне және арнайы куәлігіне баса назар аударуға кеңес берді.

«Интервьюерлерде санақ логотипі бар көк шарф және арнайы сөмке болады. Оларға электрондық санақ парақтары мен планшет, бейдж-куәлік беріледі. Бұл куәлікте аумақтық статистика департаменті басшысының қолымен және мөрімен расталған интервьюердің фотосуреті, толық аты-жөні болады. Куәліктің жоғары бөлігінде тіркеу нөмірі көрсетіледі. Бұл нөмірді sanaq.gov.kz сайтында интервьюерді іздеу жолағына енгізуге болады. Содан кейін сайтта интервьюердің деректері көрсетіледі», – деді Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов.

Бүгінгі күнге дейін онлайн санақтан 6 миллион 400 мыңнан астам адам өткен. Онлайн режимде өткендер саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Осы көрсеткіш бойынша Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары соңғы орындарда. Ал нақты өңірдің онлайн санақпен қамтылған халқының үлесі бойынша Қызылорда облысы халқының белсенділігі жоғары. Мұнда 48,8 % адам қамтылған.