Алматыда жалпықалалық бос орындар жәрмеңкесі өтеді

04.09.2023 в 15:44

Жәрмеңкеге өнеркәсіп, өндіріс, сауда желілері, тамақтану, медицина, фармацевтика, білім беру саласынан жұмыс берушілер қатысады

13 қыркүйекте сағат 11:00-де Алматыда Арбат (Жібек Жолы-Панфилов) мекенжайында жалпықалалық бос орындар жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жәрмеңкені Алматы қаласы әкімдігінің техникалық қолдауымен «Алматы қаласы еңбек мобильділігі орталығы» КММ ұйымдастырады.

Жәрмеңке өткізудің мақсаты - жастар мен оқу орындарының түлектері және жұмыс іздеушілер үшін жұмыс орындарының қолжетімділігін кеңейту, лайықты үміткерлерді тарту арқылы жұмыс берушілер үшін жалдау процесін жеңілдету және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу.

Жәрмеңкеге өнеркәсіп, өндіріс, сауда желілері, тамақтану, медицина, фармацевтика, білім беру саласынан жұмыс берушілер қатысады.

Жәрмеңкеде жұмыс берушілер ізденушілермен кездеседі, ал ізденушілер қойылған талаптар мен бос жұмыс орындармен танысады. Өтініш берушілер  түйіндемені  жіберуге  және  сол  жерде алдын ала сұхбаттасуға мүмкіндік алады.

«Тіркеу уақыты сағат 09:30-да. Жұмыс берушілердің өтінішін қабылдау үшін төмендегі поштаға almatyenbek@yandex.kz жіберуіңізді сұраймыз», - делінген хабарламада.

Толығырақ ақпарат алу үшін Алматы қаласы еңбек мобильділігі орталығына, Достық даңғылы, 85 мекенжайы бойынша хабарласу қажет.

Электрондық пошта: info@cz-almaty.kz.