Еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері тұрғындарды халық санағынан өтуге шақырады

12.10.2021 в 19:49

Онлайн режимде өтіп жатқан санақтың аяқталуына санаулы күндер қалды

«Жарқын болашаққа ұмтылуға барлығымыз үлес қосуымыз керек». Осылай деген еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері барша қазақстандықтарды халық санағынан өтуге шақырады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олардың айтуынша, бүкіл ел үшін маңызды кезеңнен ешкім де қапы қалмауы керек. Себебі жалпыұлттық науқан халықтың барын бағамдап, қалай өмір сүріп жатқанымыз бен ары қарай даму жолдарын айқындауға мүмкіндік береді дейді.  

«Онлайн режимде жүріп жатқан санақтың аяқталуына санаулы күндер ғана қалды. Бірақ көптеген ауылды мекендерде желі онша дамымаған. Интернет жоқ. Үлкен кісілер оны қолдана алмайды. Сондықтан бір-екі күннің ішінде тікелей адамдардың баруымен, қатысуымен өтеді. Сондықтан да еліміздің азаматтарын санақтан өтуге шақырамын», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актриса Шынар Асқарова.

Спортшылар қауымы да бүкіл ел үшін маңызды кезеңнен ешкім қапы қалмауы керек деп санайды. Себебі жалпыұлттық науқан -- халықтың барын бағамдап, қалай өмір сүріп жатқанымыз бен әрі қарай даму жолдарын айқындауға мүмкіндік береді дейді.  

«Мен халық санағынан онлайн форматта өттім. Қажетті ұяшықтарды толтырып, барлық сұраққа жауап бердім. Барша азаматтарды да санақтан өтуде белсенділік танытуға шақырамын.  Өйткені қазір бұл өте ыңғайлы. Ғаламторда-ақ жасауға болады», – деді семсерлесуден Азия чемпионы Тамара Почекутова.