Шымкент циркі тек Наурыз мейрамында ғана жануарларсыз өнер көрсетеді

28.01.2021 в 20:17

Цирк басшылығы мұнда жануарларға барлық жағдай жасалған деп сендіреді

Шымкент циркі аң-құстарсыз өнер көрсетеді. Аз уақыт бұрын әлеуметтік желіде осындай жаңалық тараған еді және өнер ордасының жан-жануарлардан арылып жатқаны айтылған. Алайда ғаламторда тараған бұл ақпаратты цирктегі мамандар жоққа шығарып отыр. Толығырақ Almaty.tv тілшісі өңірдегі әріптесім айтсын.

Жанат Қалметова Шымкент циркі ашылғалы осында жұмыс істейді. Сөзінше, концерттің бар-жоғына қарамастан аң-құстармен дайындық бір күнге де тоқтаған емес. Қос жыртқышты баптап жүрген ол үшінші мегаполис циркінің аң құстан арылып жатқанын әлеуметтік желіден оқыпты. Сырттан естіген бұл жаңалыққа таң қалғанын айтады.

«Біз қазір жаңа бағдарлама дайындап жүрміз. Жаңа шоу дегендей. Біз қоластымыздағы жануарларға жауаптымыз. Желідегі бұл жаңалық жалған», – деді Шымкент циркінің қызметкері Жанат Қалметова.

Осылай деген сахна өнерінің майталмандары жұртты жалған ақпарға мән бермеуге шақырады. Сөзінше, манежге үйренген аң-құстар шетке шығып көп өмір сүре алмайды. Себебі олар өз бапкерлерінің демеуіне үйренген. Айта кетейік, қазір цирк ұжымы наурыздағы қойылымға қызу дайындық үстінде. Бірақ ол кеште жануарлар сахнаға шықпайды.

«Наурызда Шымкенттік цирк сүйер қауымды жаңа бағдарламамен күтетін боламыз. Бір рет қана көрсетілетін бағдарламадан кейін көрерменмен жазда кездесеміз деген үміт бар. Көктемдегі концерт жануарларсыз болады», – деді Шымкент циркінің қызметкері Сұлтанхан Аман.

Шымкент циркінің қызметкерлері мұнда жануарлардың еш жәбір көрмейтінін айтады. Ас-ауқатын да уақытында береміз деген мамандар циркті аң-құссыз елестету мүмкін емес дейді.