Еліміздегі Ұлттық ұлан «Ән-би» ансамблінің құрылғанына биыл 30 жыл толды

27.09.2022 в 15:59

Ансамбльдің жеке құрамы концерттік бағдарламамен Астанадан Алматыға арнайы келді

Еліміздегі Ұлттық ұлан «Ән-би» ансамблінің құрылғанына биыл 30 жыл. Мерейлі мерейтой аясында ансамбльдің жеке құрамы концерттік бағдарламамен Астанадан Алматыға арнайы келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұжым өнерпаздары патриоттық туындылар орындау арқылы әскери қызметті насихаттап, арлан рухты, темірдей тәртіпке төзімді ұрпақ тәрбиелеудің маңызды екенін жеткізді. Мерекелік іс-шараға Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар да қатысып, көрерменге тосын сый жасады.

Ең үздік әскери-музыкалық ұжым санатындағы Ұлттық ұлан ән-би ансамблі 1992 жылы Алматы қаласында ІІМ ұйытқы болуымен құрылған. Шығармашылығында әскери, халық әндері және басқа да түрлі композициялар бар.

«Бүгінгі концерттің тақырыбы «Қазақстан Республикасына қызмет етемін» деп аталып отыр. Осылайша, барша сарбаздарға, жас өсіп келе жатқан ұлдарымызға еліміздің әскерін көрсету және соны баяндау», – деді ҚР Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің солисі Ерасыл Бозаев.

Концерттік бағдарламаға Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар да қатысты. Соның бірі - Дархан Маратұлы. Ол – әлеуметтік желідегі көптің қызығушылығын тудырған видеоның авторы. Қазір бейнеролик қаралымы 2 млн-ға жуықтаған. Жауынгер ерекше форматтағы видео арқылы жастарды әскерге шақыруды мақсат тұтқан.

«Қазіргі жастар арасында әскер жайында кері түсінік бар. Бізде әскерде жүрміз. Өзінің қиындығы бар. ТикТоктағы видео арқылы әскердегі 1 жылдың қалай тез өтетініне және ер азамат үшін пайдалы екенін көрсеткіміз келді», – деді сарбаз Дархан Байғожаев.

Мерекелік шара кезінде әскерде жүрген 2 сарбаз жақындарымен кездесуге мүмкіндік алды. Әлиулла Шәуеновтің Отан алдындағы борышын өтеп жүргеніне 4 ай болған. Өнерпаз жауынгер концерттік бағдарламаға Астанадан арнайы келіп, анасымен қауышты.

«Мен соны анашыма айтқан жоқпын. Бүгін ұшақпен келдік. Қарындасыма айттым, жай концерт болады,маманы алып кел, мен осында күтемін деп. Менің келгенімді білмейді. Анамды жаңа сахнада көріп, көңілім босап кетіп жатыр», – деді сарбаз Әлиулла Шәуенов.

«Баламның атын айтқанда қол-аяғым дірілдеп кетті. Ол сезімді айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Баламды көрмегелі қанша болды, әскерге кеткелі көрген жоқпын ғой. Келіп жатқанына қуаныштымын. Ұлтына қызмет ету – әр баланың міндеті», – деді сарбаздың анасы Айгүл Бақбергенова.

Мерекелік іс-шараға Ұлттық ұлан қызметкерлерінен бөлек, ардагерлер де қатысты. Үздіктер мемлекет қауіпсіздігі пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз еткен ерен еңбегі үшін марапатталды.

Ұлағат Арғын, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы