СҚО-да сотталған азаматтар 30 миллион теңге табыс тапты

17.02.2023 в 15:59

Жазасын өтеп жүргендер түзету мекемесінде орналасқан өндіріс орнында еңбектенеді

Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында сотталған азаматтар 30 миллион теңге табыс тапты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жазасын өтеп жүргендер түзету мекемесінде орналасқан өндіріс орнында еңбектенеді. Ал оларды жалақымен қамтамасыз етіп отырғандар – темір тордың ар жағында жеке бизнесін ашқан кәсіпкерлер екен.

Сотталған Александр Цвигун 32 жаста. Ол темір тордың ар жағында күнжара мен техникалық май жасап шығаратын цехта жұмыс істеп жүргеніне жарты жылдан асқан. Айтуынша, еңбекақысы жақсы. Ісі абақтыдағы уақытын пайдамен өткізуге де мүмкіндік беріпті.

«Негізі менің мамандығым мұғалім. Жоғары оқу орнын бітірдім. Сондықтан қазіргі жұмысыма кірісу қиын болды. Мұнда 2 ай тәжірибеден өттім. Біз зығырды, тұқымды өңдеп, одан күнжара аламыз. Жалақым жақсы, жұмысым көңілімнен шығады», – деді жазасын өтеуші Александр Цвигун.

Сотталғандар күнжара мен техникалық май жасап шығаратын цехта 3 ауысымда еңбектенеді. Қазір өндіріс орны 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жергілікті кәсіпкерлердің сөзінше, бұл серіктестік мол мүмкіндікке жол ашқан. Себебі, аталмыш өнімдер жоғары сұранысқа ие. Дайын күнжара Орталық Азия, Қырғызстан, Өзбекстан, Польша және Еуроодақ елдеріне экспортталады екен.  

«Техникалық май бойынша біз алғашқы келісімшартты жасадық. Бірінші партия Германияға жіберілді. Негізі күнделікті өмірде жауапкершілігі мол азаматтарды табу өте қиын. Сондықтан бізге істі болғандармен жұмыс жасаған тиімді. Мұнда арнайы режим бар. Түзету мекемесіндегілер ішімдік ішпейді. Ешқандай келеңсіздіктерге жол берілмейді. Ал бізге өндіріс процесінің бұзылмағаны керек», – деді кәсіпкер Ринат Сәлімжанов.

Түзету мекемелерінде орналасқан осындай 17 нысан кәсіпкерлік субъектілеріне сенімгерлік басқаруға берілген. Онда жұмысшылар киім тігу, көкөніс өсіру мен ағаштан ұлттық ыдыс-аяқ жасаумен айналысады.

«Кәсіпкерлер қызығушылық танытып, өндірісті одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерін салып жатыр. Біз негізінен үстінен арыздары бар сотталғандарды жұмысқа орналастыруға тырысамыз. Себебі, олар бостандыққа шығарда істері қайта қаралады. Сол кезде темір торға тоғытылғандардың қарызын қаншалықты өтегені ескеріледі», – деді Облыстық ҚАЖ департаменті бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Виталий Алексеев.

Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында барлығы 1800-ге жуық сотталған азамат бар. Қазіргі уақытта олардың 30%-ға жуығы жұмыспен қамтылған.

Нұргүл Алина, Жұлдызбек Ермұқанов, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан.