Тышқандар қабырғада өріп жүр: жаңа тұрғын үй иелері наразылық білдірді

08.04.2022 в 16:01

Алматының Жетісу ауданында жаңадан салынған 3 көпқабатты тұрғын үйдің иелері баспана сапасына шағымданып бас көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сыртынан биік, әдемі көрінетін пәтерлердің іші жарты жылға жетпестен тоз-тозы шықты, - дейді тұрғындар. Айтуынша, құжат бойынша осыдан 1 жыл бұрын пайдалануға берілген үйлердің қабырғалары қақырап, едендері жарылған. Бұл аздай, мұнда құрылыс жұмыстары әлі бітпеген.

Осылайша, пәтер алдық деп бөркін аспанға атқан Жетісу ауданы тұрғындарының қуанышы ұзаққа созылмады. Тұрып жатқандарына 3-4 ай ғана уақыт болған баспана иелері үйдің сапасы сын көтермейді әрі оған жауапты компания өкілдері құрылыс жұмыстарын әлі созып келеді деп шағымданды. Ең сорақысы пәтер кілтін алмай тұрып, олар түрлі сылтаумен құжаттарға алдын-ала қол қойдырып алды, - дейді тұрғындар.  

«Бұл жерде 3 блок орналасқан. А,В және С болып бөлінеді. Олар тұрғындарына үйдің кілтін бермей қойған. Әуелі өздеріне керек келісімшартқа қол қойып, ариынан кілтін алған», – дейді қала тұрғыны Жанай Ышқал.

«Олар егер келісімшартқа қол қоймасаңыздар үйдің кілтін ала алмайсыздар деп айтты. Бірақ заңды түрде бұл менің меншікті иелігім ғой. Ақырында қол қоймасқа амалымыз қалмады. Енді мінекей сапасы өте нашар», – дейді қала тұрғыны Сәбина Көпеева.

«Дүкендерді салып тастады. Бұл жерде балалар ойнайтын алаң болу керек. Оның өзі тар жерге дүкендер керек емес. Онсыз да базардың қасындамыз», – дейді қала тұрғыны Қалия Қайыпназарова.

Баспана иелерінің жан-айқайы жергілікті билік өкілдерінің құлағына бірден жетті. Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Ернат Бәзіл алаңдаулы жандарға мәселенің алдағы уақытта шешілетінін және жағдайды өз қадағалауында ұстайтынын айтты. Сол үшін жауапты мамандарды арнайы ертіп келіпті.

«Сәрсенбі күні тұрғындар бізге келіп, осы жағдай бойынша көмек сұрап жүгінді. Міне қазір Төтенше жағдайлар қызметі мен санитар мамандар, сәулетшілер мен газ қызметкерлері тексеріс жүргізіп, нақты шешімін шығарады. Бұл жағдай менің толық бақылауымда болады», – дейді Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Ернат Бәзіл.

Кейін сырты бүтін, іші түтін үйлерді аралап көрдік. Осында тұратын Қайсардың айтуынша, мердігер компания өкілдері құжатта бұл пәтерлерді комфорт класстағы деп таныстырыпты. Алайда дәлізден бастап, жедел сатыға дейін жобада көрсетілген суреттерге мүлде ұқсамайды. Керек десеңіз қолымда барлық құжат дәлелімен бар, - дейді тұрғын.

«Эксплуатацияға қабылданды деген құжаттарды алдын ала алып қойған. Қазір құрылыс және монтаждық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Заңнама талаптары бойынша нысан эксплуатацияға енгізілген кезде бірде-бір құрылысшы, жұмысшы болмауы керек», – дейді заңгер Динара Жұбатова.

Тұрғындар үй іргесінен тышқандар мен бақаларды күнде кездестіреміз дейді. Кейін мердігер компания өкілі Алмас Түлековті осы мәселеге қатысты сөзге тарттық. Оның айтуынша, жалпы құрылыс нысандарына 2 жылға дейін кепілдік берілген. Сондықтан жиында көтерілген мәселелерді қайта қарап, олқылықтарды жоюға тырысатынын жеткізді.    

«Осы айдың 20-на дейін ауа райы қолайлы болса ауладағы жұмыстарды ертерек бітіруге тырысамыз. Жалпы құрылыс жұмыстары бірқалыпты, өз деңгейінде жүріп жатыр. Біз заңға сәйкес өзімізге тиесіліні ғана атқарамыз. Барлығы құжатта қалай көрсетілген, солай салынған», – дейді мердігер компания өкілі Алмас Түлеков.

Осылайша тұрғындар мен мердігер компания бір мәмілеге келгендей болды. Пәтер иелері алдағы уақытта көтерген мәселелеміз  жауапсыз қалса, тағы да жиналамыз деп отыр.

Мерей Қанапиянов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы