«Самұрық-Энерго» екінші жылу энергетика орталығы бойынша жұмыстар атқарып жатыр - Б.Сағынтаев

29.11.2019 в 16:19

Нұр-Сұлтанда өткен брифингте Бақытжан Сағынтаев журналистер сауалына жауап берді

Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен таныстырған соң Бақытжан Сағынтаев журналистердің сауалдарына жауап берді. Олар көпбалалы отбасыларды қорғау, жас мамандарды тұрғын үймен қамту, шаһардағы экология мәселесі мен криминогендік жағдай және өзге де өзекті түйткілдерге қатысты болды. Тілшілердің әр сұрағына толыққанды, тұшымды жауап берген мегаполис басшысы сондай-ақ, оңтүстік астана экономикасындағы сауда үлесін біршама азайтып, оның орнына креативті экономиканы дамыту қажеттілігіне баса тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Оңтүстік астанадағы өзекті түйткілдердің бірі – экология мәселесі. Сондықтан тілшілерді бұл сауал, әлбетте толғандырмай қоймады. Бақытжан Сағынтаевтың сөзінше, шаһарда саябақ пен аллеялар санын арттыру көзделген. Мәселен, алдағы үш жылда «Жасыл Алматы» бағдарламасының аясында ағаштың кем дегенде бір миллион түбі отырғызылмақ. Мегаполис басшысы зиянды тастандылардың 27%-ы екінші жылу энергетика орталығынан, ал 65%-ға жуығы автокөліктерден шығатынын еске салды.

«Қазір «Самұрық-Энерго» екінші жылу энергетика орталығы бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Онда қандай станса болуы керек, газбен істей ме жоқ па, мұны мамандар айтуы тиіс. Себебі ондағы жағдай күрделі. Барлық қазандықтар жер астында, демек онда газ турбиналарын қоюға бола ма жоқ па деген сауал туындайды. Мамандар бұған қатысты жауапты келер жылдың наурыз-сәуір айларында береді деп уәде етуде», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ..

Журналистерді толғандырған тағы бір сауал – жұмыс істеп жатқан жас мамандарды баспанамен қамту мәселесі. Бақытжан Сағынтаев қалада Мемлекет басшысының тапсырмасы белсенді түрде жүзеге асып жатқанын жеткізді.

«Біз бүгінге дейін барлық сұранымдарды қабылдадық. Жақын күндері алғашқы пәтерлер берілетін болады. Демек, жастар қайда, қандай пәтерде тұратыны белгіленіп қойған. Қазір тек рәсімдеу мәселелері шешілуде», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ..

Мегаполис басшысы креативті экономиканы дамыту қажет деді. Ол қала экономикасының саудаға тәуелділігін жасырмады. Алматы экономикасы құрылымының 30 пайызынан астамын сауда құрайды екен. Ал жұмыспен қамтылған халықтың 25 пайызы нәпақасын дәп осы салада еңбек етіп, табуда. Олардың дені негізінен біліксіз жұмысшылар деді Бақытжан Сағынтаев. Сондықтан қала әлеуетін пайдаланып, құрылымды өзгерту жоспарлануда.

«Қаладағы 39 университетте 200 мыңға жуық студент оқиды. Оқуды тәмәмдаған түлектің 65 пайызы Алматыда қалады. Бұл – басқа қалалардан келген жастар. Қалып  істегісі келгенімен, жұмыс таба алмай дал болады. Себебі экономиканың құрылымы – сауда, қаржы, жылжымайтын мүлік бойынша операциялар. Сондықтан құрылымдық бұлтарыс жүргізіп, сауда деңгейін 10 пайызға дейін төмендету көзделген. Осылайша қалған салалардың деңгейін көтеруге жағдай жасауымыз қажет. Жалақысы жоғары жаңа жұмыс орындарын ашып, IT технологияларды дамытып, инновациялық парк, шығармашылық ортаны құруымыз керек», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Белгілі болғаны, қалада көпбалалы аналарды қолдауға бағытталған бірқатар бағдарлама да іске асырылуда. Мәселен, 8 бірдей ауданда «Бақытты отбасы» кеңселері ашылған. Онда нәзік жандыларға психологиялық, медициналық көмектер көрсетіледі. Кәсіп ашқысы келетіндер де арнайы курстар оқып, қайтарымсыз гранттар жеңіп алуына мүмкіндік жасалған.  

«Биылғы жылдың тамызында «Іскер ана» бағдарламасын жетілдіріп, қыркүйекте іске қостық. Әр ауданда кеңселер аштық. Кәсіпкер аналарға жабдық түрінде 500 мың теңге көлемінде  грант беріп жатырмыз. Бұдан бөлек, бизнес бастауы үшін 2 пайызбен ұзақмерзімді несиелер қарастырылған», - дейді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Алматылықтар үшін қауіпсіздікті нығайту бойынша шұғыл шаралар қабылданған екен. Қаланың қылмыс көп жасалатын аудандары талданып, 32 жаңа модульдік және мобильдік полиция бекеттері қойылған. Заңбұзушылықтың алдын алу үшін сырттан келгендерді жұмыспен қамту және оларға арнап мотивациялық курстар қатыстыру қолға алынған.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Әли Мұхтаров, «Алматы телеарнасы» Нұр-Сұлтан қаласынан