Елімізде атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі өзгереді

05.12.2022 в 16:19

Жаңа механизм халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып енгізілмек

2025 жылдан бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі өзгереді. Ол үшін кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен емес, орташа табыс есебінен анықталатын болады. Бұл туралы Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, көмек отбасын немесе азаматты қиын жағдайдан шығара алатын атаулы шара ретінде қарастырылады. Жаңа механизм халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып енгізілмек.

«Біз күнкөріс деңгейін 2025 жылдан бастап медиандық табысқа айналдырғалы отырмыз. Себебі, бүгін ҚР бойынша орташа 54 000 тг болатын болса, ал бұрын 36 000 теңге болған. Сондықтан да медиандық табыс - өңірлер көлемінде азаматтардың немесе отбасының әлеуметтік жағдайын толық ескеретін көрсеткіш», – деді  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Жаңа әлеуметтік Кодекс жобасын таныстыра келе министр, енді такси жүргізушілері мен курьерлерге де арнайы салық енгізілетінін айтты. Қазір елімізде шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлеріне бірыңғай міндетті төлемді енгізу тетіктері қарастырылып жатыр. Жоба негізінде 2022 жылдан бастап салық жүктемесін 33-тен 20%-ға дейін төмендету жоспарланған.