Қазақстандағы жалғыз әскери дирижер әйел: «30 жыл бойы осы қызметтемін»

04.03.2022 в 20:43

Бүкіл ғұмырын Ұлттық ұланға арнаған Елена Евстратенко – әлі де әскери үрмелі оркестрді басқарып келеді

Ол елімізде 30 жыл бойы әскери үрмелі оркестрді басқарып келеді. Ол – тек Қазақстан емес, бүкіл Тәуелсіз Мемлекеттер Достығы аумағындағы жалғыз әскери дирижер әйел. Ұлттық ұланға бар ғұмырын сарп еткен Елена Евстратенко талай мәрте олимпиада чемпиондары мен шетелдік қонақтарды патриоттық әуендермен күтіп алған. Ал 9 мамырда ардагерлер шеруінде топ бастайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елена Евстратенко – бүгінде зейнетке шыққан запастағы майор. Бүкіл ғұмырын Ұлттық ұланға арнаған ол әлі де әскери үрмелі оркестрді басқарып келеді. Жас кезінде музыкалық училищені бітіріп, опералық театрда музыкалық аспапта ойнауды армандапты. Алайда тағдыр тауқыметімен әскери бөлімшеге орналасып, дирижерлік мансабын осында бастаған.

«Бірден әскери дирижер бола қойған жоқпын. Біраз қиындық болды. Өйткені әйелдерді ешқашан дирижерлікке қоймайды. Сондықтан басшылығым мені оркестрдің жетекшілігіне қоюға қауіптенді. Өзіңіз елестетіңізші, топ бастап әйел адам келе жатады. Ал артында 20 жауынгер. Көпшілік не ойлайды дегендей... Бірақ бәрібір маған сеніп тапсырды. Өкінбеді. Міне, содан бері 30 жыл осы қызметтемін», - деді ҚР Ұлттық ұланының әскери дирижері Елена Евстратенко.

Осылай әскери жұмысында қиындыққа қарамастан бала тәрбиесіне де көңіл бөлген Елена Евстратенко - бүгінде бақытты ана, ақ жаулықты әже. 1 ұлды жалғыз өсірген запастағы майор кеудесіндегі төсбелгілерін мақтан тұтады. Өйткені ол жетістігімнің жемісі дейді.  

Ұлттық ұланға 30 жыл ғұмырын сарп еткен Елена Евстратенко өзінің оркестрімен түрлі байқауға қатысқан. Соның ішінде «Әскери Керней» додасында 4 мәрте бақ сынап, 4 рет жүлделі орындарды иеленген. Запастағы майордың жеткен жетістіктері мен алғыс хаттары арасында Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабы бар. Оған Елена Евстратенко Тәуелсіз Мемлекеттер Достығы бойынша жалғыз әскери әйел дирижер ретінде енген.

Ал топтағы әріптестері оның мейірімді жан екенін айтады. Ол жастарды жауапкершілікке үйретіп қана қоймай, қонақжайлылығымен де ерекшеленеді дейді.

«Өте керемет кісі. Өйткені жан-жақтылығы ұнайды. Мен басында, әскери ортада тек әскери әндерді, патриоттық әндерді айтамыз деп ойлағанмын. Жоқ. Одан бөлек, біз кез келген жанрда ән айтамыз. Сонысы ұнайды. Одан кейін, әрине, біздің Елена Ивановна етті, бауырсақты керемет дайындайды.  Жиі үйіне барып тұрамыз. Жақсы көреміз», - деді ҚР Ұлттық ұланы «Генерал» оркестрінің әншісі Жанғали Әбіш.

«Өзін қатал жетекшімін дейді. Бірақ шындығында ондай емес. Тек босаңсып кеткенде тәртіпке шақырады. Ол әрқайсымызды ерекше жақсы көреді. Өз ісінің білікті маманы. Екінші анамыздай болып кеткен», - деді ҚР Ұлттық ұланы «Генерал» оркестрінің концертмейстері Анатолий Лян.

Кейіпкердің айтуынша, Қазақстанның Гиннестің рекордтар кітабына енуіне алғаш берген сұхбаты себеп болыпты. Бейнематериалдан соң, Елена Евстратенконың тек елімізде ғана емес, бүкіл көрші мемлекеттер аумағында жалғыз әскери дирижер әйел екені мәлім болған. Бүгінге дейін де бірде-бір қыз-келіншек рекордымды қайталамады деген ол нәзік жандыларды келе жатқан Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

«Қарапайым әйел мен әскери әйелдің өмірі екі бөлек. Барлық қиындыққа қарамастан, мен сүйікті қызметімді таңдадым. Өкінбеймін. Өйткені музыканы сүйемін. Сондықтан бүкіл әйелдер қауымының жүрегінде әрдайым махаббатқа толы музыка болсын деп тілеймін. Бақытты болыңыздар! Сіздер оған әбден лайықсыздар», - деді ҚР Ұлттық ұланының әскери дирижері Елена Евстратенко.    

Бүгінде запастағы майор «Генерал» оркестр құрамына жетекшілік етеді. Талай рет маңызды шаралардың шымылдығын ашып, шетелдік қонақтар мен олимпиада чемпиондарын күтіп алған дирижер әлі де елім үшін қызмет етуді жалғастырамын дейді.

Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы