Бесағашта тұрғындар бірнеше айдан бері суға жарымай отыр

13.05.2021 в 20:56

Бала-шағамыз қалаға шығамыз десе де жанымызды шүберекке байлап отырамыз дейді

Алматы облысының Бесағаш ауылындағы «Нұрия» тұрғын үй кешенінің тұрғындары бірнеше айдан бері суға жарымай отыр.  Ал, тіршілік нәріне қосылып үлгерген 380 пәтер иесі су құбырының жарыла беруі мезі қылды дейді. Айтуынша, су желілері бір-біріне қалай болса солай жалғанған. Құрылысы әлі толық аяқталып бітпеген тұрғын үй кешені тұрғындарының мұң-мұқтажымен Almaty.tv тілшісі танысып қайтты.

«Нұрия» тұрғын үй кешенінің тұрғындары бірнеше айдан бері осы мәселені шеше алмай әлек. Бесағаш ауылынан тартылған су құбыры жиі жарылады екен. Ал құбыр қайта жөніне келген кезде қап-қара, кір су ағады. Тек біраз уақыттан кейін ғана тұнитын көрінеді.  

«Кеше ғана бірінші су құбыры жарылып, су келмей қалды. Екіншісін қосқаны сол еді, ол да жарылып кетіп, тағы сусыз қалдық. Мұндай проблема құбырлардың сапасыз жалғанғанынан болып отыр. Бірнеше айдың ішінде құбырлар 10 шақты рет жарылды», – деді бесағаш ауылының тұрғыны Тахир Сәдуов.

Алайда бұл үйлерді салған құрылыс компаниясының өкілдері кінәні өздерінен көрмейді. Құбырларының бәрі жоба бойынша жасалып, тексеріліп қабылданғанын алға тартады.

«Үйдің алдындағы су құбырларының бәрі жоба бойынша істелген. Бәрі қалалық су арнасына өткізілген. Бәрі дұрыс. Бізде су құбырының жарылуы, ештеңе жоқ. Ол арғы жақтан болып жатыр. Суды беріп жатқан Алматы су. Сол жақтан авария болып жатыр», – деді құрылыс компаниясының өкілі Дарын Қырықбаев.

Ал Талғар ауданы әкімдігіндегілер мәселеден толық хабардар. Қазір мердігер ұйым жалғаған құбырлардың бәрін және сорғы стансасын тексеріп жатқан көрінеді.

«Құбырдың алдағы уақытта жарылып-жарылмайтыны туралы мен ештеңе айта алмаймын. Қазір бұл олқылықтарды тексеріп жатырмыз. Мердігер ұйым өзі жалғаған құбырлардың бәрін тексеріп жүр. Сорғы стансасын біз өзіміз қарап, бақылаймыз. Тексеруге жауапты мекеме де қатысатын болады. Егер қандай да бір кем-кетігі анықталып жатса, оны жоямыз», – деді Талғар ауданы құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы  Ринат Қисанов.

Бұдан бөлек, тұрғын үй кешені маңынан шығатын тасжолда жүргіншілерге арналған жолақ жоқ екен. Бала-шағамыз қалаға шығамыз десе де жанымызды шүберекке байлап отырамыз дейді. Мұндағы жұрт осы мәселеге талай назар аудартса да, түйткіл шешілер емес.

Сая Меңдеке, Роман Нощенко, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы