Талаптар текетіресі: тұрғындар түнгі дәмханаларды жабуды талап етіп отыр

18.08.2023 в 16:23

Қазақстан рестораторлары қауымдастығының өкілдері «іске прокуратураның араласуы қажет» деп санайды

Түнімен қызмет көрсететін мейрамхана мен бар және дәмханалар Алматы жұртын ұйқысын бұзады. Ал тыйылмайтын арыз-шағымнан бизнес өкілдері де зардап шегіп отыр. Қос тарап  ортақ жиналыс өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматының Назарбаев даңғылындағы бар иелері «тамызда 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеп келдік» дейді. Себебі олар түнгі тыныштықты бұзған. Мүндай жауапкершілікті осы маңда 200 адамды жұмыспен қамтып отырған 15 шақты дәмхана арқалған. Олар азаматтардың шағымы асырап отырған жұмысымыздан айыра ма деп қорқады.

– Кейбір кәсіпкердің әдейі шу шығаратыны бар. Ондайлар тиісінше жауап беруі керек деп есептеймін. Бірақ 15 кәсіпті түгел тоқтатуға болмайды. Тыныштықты барынша қадағалап жүрген бизнес өкілдері де бар. Дұрыс шешім шығару керек, – деді Қазақстан рестораторлары қауымдастығының мүшесі Зүлфия Юсупова.

Ал екінші тарап, яғни тұрғындар бұл маңдағы у-шудың таңғы сағат 5:00-ге дейін тоқтамайтынын айтады. Дәмханаға келушілердің арасында төбелес те жиі болатын көрінеді. Көшеде тұрып дәрет сындыратындар тағы бар. Шағымын айтып, шешім іздеген азаматтар тым болмағанда мейрамханалардағы жұмыс уақытын сағат 23:00-ге дейін қысқартуды ұсынады. Немесе алкогольді ішімдіктерге мүлдем тоқтау салу қажет.

– Тұрғындар барлардың жұмысына қарсы емес. Істей берсін. Бізге тек тыныштық керек. Балаларымыздың қауіпсіздігін ойлаймыз. Осының бәрі ескерілуі керек, – дейді қала тұрғыны Саида Тәуекелова.

– Біздің тарапымыздан қандай да бір заңсыз әрекет болса, құқық қорғау органдарына, міндетті түрде тиісті санаттағы полицияға хат жолдаймыз. Егер бір шешім қабылданып жатса, ары қарай қорытындысына қарай шешім шығарамыз, – деді «Атамекен» ҰКП Алматы қаласы бойынша Кәсіпкерлер құқығын қорғау басқармасының жетекші маманы Әділхан Нұрхан.

Қазақстан рестораторлары қауымдастығының өкілдері «іске прокуратураның араласуы қажет» деп санайды. Кей дәмханалардың жұмысы заңсыз болуы мүмкін. Әзірге қос тарап ортақ шешімге келген жоқ. Іс әлі де қаралатын болады.

Мадина Оқас, Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы