Барыс жылы еліміз үшін қандай болады – нумерологтар пікірі

31.12.2021 в 16:39

Биыл елімізге инвестиция тарту үшін еш кедергі болмайды

Барыс жылы еліміз үшін табысты, берекелі болады. Келер жылға нумеролог мамандардың пікірі осындай. Әсіресе логистика, туризмнің дамуына оңтайлы жыл дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Алматыда мерекелік көңіл күй ерекше. Ауа райы кейде жайдары, кейде аяқасты қатқыл мінез танытатын табиғаты құбылмалы мегаполиске соңғы аптада ақ ұлпа қар түсіп, қыс мезгілінің сәні кіргендей. Келе жатқан 2022 жыл – Жолбарыс жылы. Барыс – әлемдегі жыртқыш, қаһарлы, түрі суық әрі айбат шегетін аң. Жануар қанша жерден жыртқыш болса да, өзіндік әдемелігі бар. Мысық тұқымдасының ішіндегі ең ірісі саналатын аң шамамен 20-25 жыл өмір сүреді екен.  

«Жыртқыш болғаннан кейін өз мінезін көрсетіп жатады. Қауіпсіздік шараларын сақтап жүретіндіктен, біз өзімізге сенімді боламыз. Атын айтып шақырғаннан кейін көп айбат шеге бермейді. Қысқы уақытта 12 кг-ға дейін ет жейді. Еттің сүйегіне дейін шағып, қалдық қалдырмайды деп айтуға болады», – дейді «Алматы хайуанаттар бағы» КМҚК бөлім меңгерушісі Дәурен Кенжебаев.

Иә, күніне бір жолбарыс 12 келіге дейін ет жейді екен. Демек, халық келер жылы байлыққа, молшылыққа кенелмек. Жалпы, барыстар көк түсті жақсы көреді. Болжам бойынша, Жаңа жылды қою көк киіммен қарсы алсаңыз, табысқа жетесіз.

Биыл елімізге инвестиция тарту үшін еш кедергі болмайды. Логистика мен туризімнің дамуына қолайлы мерзім. Импорт пен экспорт еселенеді. Әлеуметтік экономика артады. Нумеролог Еркежан Мұратқызы осылай дейді. Жалпы, мемлекет үшін болжам қуантарлық.  

«Биылғы жылдың жалпы саны – алты. Бұл сан еңбек пен мықтылықты көрсетеді. Жолбарыстың мінезі де осы санға сәйкес келгендей. Сондай батыл, айтқанынан қайтпайды. Сол себепті, бір істі ойлап, бастай алмай, жүрексініп, қорқып жүргендер болса, алдағы жылы батылдық танытып, бірден тәуекел ету қажет. Қорықпаңыз, алдағы жылы бастаған ісіңіз сәттілікке толы болады. Барыс жылы табыс жылын көрсетіп тұр», – дейді нумеролог Еркежан Мұратқызы.   

Биылғы жылдың түсі – көк. Бұл түс көбінесе үй және жайлылықпен байланысты. Дәлірек айтсақ, үйленіп үй болуға ыңғайлы жыл. Сондай-ақ баспаналы болуды ойлап жүргендер үшін депозит ашып, ақша жинауға қолайлы кезең. Жаңа жыл жарылқа, өткен жылға өкпе жоқ. Бастысы, қазақ халқы барысты жайсыз жылдар қатарына қоспайды. Келер жылдан күтер жақсылымыз көп болғай!

Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұңайтпасов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы