Күл мен топыраққа көмілген Алматы облысының тұрғындары кімге наразы

08.07.2022 в 16:27

Мектептен қайтқан балалар да күл мен топыраққа көміліп келеді екен

«Аптап ыстықта шаң-тозаң жұтып отырмыз». Осылай деп Іле ауданы Өтеген батыр кентінің тұрғындары арнамызға хабарласып мұң шақты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ауыл маңына төгілген өндірістік қалдықтардан зәрезап болған жұрт күл-қоқыстың қолқаны қабатын иісі тағы бар дейді.

Керімқыз Әлімқанова Өтеген батыр кентінде 15 жылдан бері тұрады. Ауыл маңына төгілетін қоқыс үйінен 10 метр ғана жерде екен. Жел тұрып, ауа райы құбылса баспанам түгелдей шаң-тозаң болып, күлге толады дейді. Ыстықта есік-тереземізді ашудан қалдық деп отыр.

«Біз күлмен демаламыз. Айтып жеткізе алмаймын. Жел болғанда балалар үйін таба алмай қалады. Жыл сайын көктем мезгілінде қайталанып тұрады», – дейді Өтеген батыр кентінің тұрғыны Керімқыз Әлімқанова.

Мектептен қайтқан балалар да күл мен топыраққа көміліп келеді екен. Таза ауамен тыныстауы мұңға айналған жұртшылық бұған дейін жергілікті билікке сан мәрте шағымданыпты. Бірақ еш нәтиже жоқ дейді.

«Ауылда жел көтерілсе, шаң-топырақтан көрші тұрған үй көрінбей кетеді. Бұл жыл сайын қайталанады. Салдарынан түрлі инфекциялық ауруға шалдыққан тұрғындар бар осында. Қолдан ауру тауып отырмыз», – дейді  Өтеген батыр кентінің тұрғыны Светлана Стороженко.

Тұрғындардың айтуынша, жақын маңдағы өндіріс ошағы бастапқыда сыртқа тек күл шығаратын. Көпшіліктің жанайқайынан кейін олар күлдің бетін топырақпен көметін  болған. Енді күлмен бірге, топырақ жұтамыз деді.

Ауыл тұрғындары наразылық танытқан күл-қоқыс тау-тау болып үйіліп жатыр. Ауа райы күрт құбылса болды, жел тұрса болды мұндағы топырақ пен күл, шаң-тозаң болып мына іргедегі ауылға барады. Тұрғындардың айтуынша, бұл өндірістік қоқыстың бәрі де №3 жылу электр стансасына тиесілі екен.

Ал №3 жылу электр стансасы басшылығына хабарласқанымызда олар жауап беруден бас тартты. Ал жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық бөлім мамандары бұл жайттан хабардар екенін айтып, оның шешу жолдарын қарыстырып жатқанын мәлімдеді.

«Іле ауданы Өтеген батыр кентінде орналасқан №3 жылу электр стансасынан шыққан шаң жайлы бейнежазжасы бойынша ЖЭО-мен хат алмастық. Туындаған мәселені олар шілде айының соңына дейін шешуге уәде берді», – дейді Іле аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бөлімінің басшысы Айгүл Елбаева.

Біраз жылдан бері түйіні тарқамаған мәселе бір айда шешіліп кетеді дегенге ауыл жұрты күмәнмен қарайды. Себебі тау боп үйілген күл-қоқысты қысқа мерзімде шығару мүмкін емес дейді. Десе де түйткілдің түйіні тез тарқағанын қалап отыр.  

Ұлағат Арғын, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы