Тұрғындар өтініші ескерілді: Бостандық ауданында жаңа мектеп салынады

11.04.2022 в 19:16

Құрылыс жұмысына өзгертулер енгізілді

Алматы қаласы Бостандық ауданының тұрғындары жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысына қарсы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олар бір-біріне тығыз орналасқан нысандар көпшіліктің қозғалуына кедергі келтірді дейді.  Ал құрылыс компаниясы бәрі заңға сай екенін алға тартады. Енді салынатын 12 қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысына қарсылық танытып, осы маңайдағы 60-қа жуық адам бас көтерді. Олар айналамызда жайқалып өсіп тұрған ағаштарды кеспей, бос жатқан жерге балалар алаңы мен көлік тұрағын салып беруді талап етті.

«Біздің үй «бақытсыз үй» деп санаймын. Айналаны қоршап тастаған. Біз ағаштарды кеспеуді сұрап өтініш жаздық», – деді Бостандық ауданының тұрғыны Сәуле Бозымбаева.

Тұрғындар құрылыс компаниясы жұмысын бастамасын деп көліктерін тізбектеп қойған. Ал құрылыс компаниясы өкілдерінің айтуынша, жерді 2020 жылы сатып алған. Бір жылдан соң тиісті құжатын алып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Сондай-ақ, тұрғындардың наразылығын ескеріп, құрылыс жұмысына біраз өзгертулер енгізген.

«Аумақтың 30 пайызында тұрғын үй тұрғызылады. Қалған бөлігінде абаттандыру, жол инфрақұрылымы және көлік тұрағы болады. Бұл мәселені үнемі талқылаймыз. Алғашқы кездесуде тұрғындар мектеп құрылысына жер телімін бөліп беруді сұрады. 45 пайызын бердік. Енді жаңа ұсыныстар түсіп жатыр. Әзірге барлық құрылыс жұмыстарын тоқтаттық», – деді құрылыс компаниясының өкілі Жалғас Жақұпов.

Қос тараптың мұндай кездесуі жиі өтеді. Өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп те жатыр.  Мәселен, алғашында мұнда жекеменшік мектеп салу жоспарланған. Бірақ тұрғындардың өтінішінен кейін мемлекеттік мектеп салынатын болды.

«Біз қазір BI Group компаниясымен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы тұрғындардың белсенді мүшелерімен бірге мәселелерді шешіп келеміз», – деді Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов.

Айта кетейік, халық наразылығын тыңдауға келген аудан әкімі мәселе шешіледі деді.  Ал құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылды.

Жанар Ғаниқызы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы