Алдағы 5 жылда елорда жасыл шаһарға айналуы керек – Қасым-Жомарт Тоқаев

31.01.2023 в 16:39

Оның айтуынша, көгалдандыру кезінде отырғызылатын жасыл-желектің 10%-ы ғана – көпжылдық өсімдіктер

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

"Келесі мәселе – көгалдандыру жұмысы. Қазір Астананы жасыл қала деп айта алмаймыз. Бізде қаланы көгалдандыру ісінің біртұтас тұжырымдамасы да жоқ. Әр әкімдік өз білгенімен әрекет жасайды. Шаһардағы жасыл-желектің саны мен сапасы туралы нақты мәлімет жоқ. Яғни, жүйелі жұмыс жүргізілмейді", – деді Президент.

Оның айтуынша, Астана – көгалдандыру құрылысына қарасты тәлімбақтың мүмкіндігі толық қолданылмай отыр. Дұрыс күтім болмаған соң, қала аумағындағы көшеттер қурап жатыр. Көгалдандыру кезінде отырғызылатын жасыл-желектің 10%-ы ғана – көпжылдық өсімдіктер. Бір маусымдық гүлдерге жыл сайын шығындану – қаржыны желге шашу деген сөз.

"Әкімдікке 3 жылдың ішінде көпжылдық өсімдіктердің үлесін кемінде 50%-ға жеткізуді тапсырамын. Сіздерге нақты міндет қоямын: алдағы 5 жылда елордамыз жасыл шаһарға айналуы керек. Қала аумағында және оның маңайында 50 жерге заңсыз қоқыс төгілген. Бұл жерлер әлі күнге дейін тазаланбай жатыр. Астана қаласының және Ақмола облысының әкімдігіне Экология министрлігімен бірлесіп, бұл мәселені дереу шешуді тапсырамын", деді Мемлекет басшысы.