Жалпыұлттық халық санағы: Алғашқы 6 күннің қорытындысы қандай

07.09.2021 в 16:47

Сауалнамадағы әр сұрақ елімізге айқын жоспар құруға септігін тигізеді

«Сауалнамадағы әр сұрақ елімізге айқын жоспар құруға септігін тигізеді». Мамандар осылай дейді. Елімізде үшінші рет өткізіліп жатқан жалпыұлттық халық санағы биыл тұңғыш рет онлайн форматта өтіп жатыр. Бұл науқанның тағы қандай ерекшеліктері бар? Жалпы халықтың тіркелу қарқыны қандай? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызының бейнематериалында.

Жалпыұлттық халық санағындағы сауалнамада биыл 91 сұрақ. Оның 69-ы негізгі, ал 22-сі қосымша сұрақтар. Биыл тұрғын үй, халық әлеуеті мен табысы, денсаулық жағдайына қатысты сұрақтар қосылған. Оның арасында ел түсінбей жатқан сауалдар да жоқ емес. Мамандар оның әрқайсысы жіті талқылаудан өткенін айтты.

«Демография – нақты білім. Сондықтан біз үшін халықтың мұқтажын біліп, жоспарымен танысу өте маңызды. 15 жастағы жасөспірімдердің табысын және қанша бала тууды жоспарлайтынын көрсету туралы сұрақтар бар. 15-49 жас репродуктивті болып есептеледі. Ал, табысына келер болсақ, олардың шәкіртақысы немесе қандай да бір қосыша жұмысы болуы мүмкін», – деді қалалық статистика департаментінің баспасөз хатшысы Құралай Көнашева.

Sanaq.gov.kz порталы 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болмақ. Тұрғындар 14 46 байланыс орталығына хабарласып, толғандырған сауалын қоя алады. Онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сауалдарына жауап береді. Ал, онлайн өткен тұрғындар ұялы телефонға келген хабарламаны көрсетсе жеткілікті. Мамандар науқанның келесі кезеңіне сақадай сай. Ал, алматылықтар болса, халық санағының ел үшін маңыздылығын жақсы түсінетінін айтты.

«Егер де жалпылама санақ бойынша адам көп болған сайын біздің демография жағынан жақсы болады және де экономикалық экономикалық серпіліс сияқты бірдеңе болады деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Ернар Молдабаев.

«Әрбір адамзаттың борышы деп ойлаймын. Енді халқымыздың қанша екенін білу біз үшін мәртебе деп ойлаймын. Көбейгеніміз жақсы ғой», – деді қала тұрғыны Аяжан Бекенқызы.

«Жоқ, бұрын санақты онлайн өту мүмкіндігі туралы естімеппін. Енді білетін боламын. Бұл – әрқайсысымыз үшін өте маңызды. Сондықтан міндетті түрде санақтан өтемін», – деді қала тұрғыны Күнсұлу Сайфеденова.

Айта кету керек, осы  уақытқа дейін 453 мың 556 респондент тіркелген. Оның 394 мың 933-і sanaq.gov.kz сайты, 46 мың 492-сі Egov порталы арқылы санақтан өтсе, 12 мың 131 адам Аitu қосымшасы арқылы қатысқан. Алғашқы 6 күннің қорытындысы бойынша, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының тұрғындары санаққа қатысудан көш бастап тұр. Ал, Түркістан және Атырау облыстары әзірге соңғы орында.

Жанар Ғаниқызы, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» телеарнасы