Кәсіпкерге жер беруде заңсыздыққа жол берілмеуі тиіс - антикор

25.01.2023 в 16:49

Жемқорлық фактісін байқаған азаматтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сенім телефонына хабарласа алады

Бизнеске тиесілі деп берілген жер телімдерінде сыбайлас жемқорлық фактісі анықталды. Алматылық агенттік әсіресе, аукцион өткізбей, өтініштің мерзімін бұзған кәсіпкерлер бар дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы 2023 жылды бизнесті қорғау жылы деп жариялаған еді.  Соның негізінде талдаулар жүргізіліп, тәуекелдер анықталып жатыр. 

«Мәселен, бизнес өкілдері кәсіпке берілген жер учаскелерін рәсімдеуде қиындыққа тап болады. Тіпті, жер беруден бас тарту туралы шешім шығатын жағдайлар да бар»,- дейді департамент басшысы. 

Бұл өз кезегінде мегаполистің экономикалық, әрі өндірістік жүйесіне, қаржылық қызметіне зор нұқсан келтіріп отыр.  

«Қалада мегаполистің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасында көрсетілген өзекті мәселелер бар. Олардың бірі   бизнес үшін жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымды бизнес объектілеріне жеткізу. Талдау қаланың барлық деңгейдегі жергілікті атқарушы орган қызметіне жүргізілетін болады», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Асхат Оразхан.

«Агенттіктің бұл талдауды жүргізудегі мақсаты нормативтік-құқықтық актілер мен ұйымдық-басқару қызметіндегі жемқорлық жағдайын анықтау» дейді маман. Осы арқылы заң бұзылса, уәкілетті органға ұсыным берілмек.

«Талдау Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, мүдделі мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, Қоғамдық кеңес мүшелерінің және азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі. Сондай-ақ бизнес-қоғамдастықпен және «Атамекен» ҰК палатасымен тығыз өзара іс-қимыл жасайтын боламыз», – деді Асхат Оразхан.

«Тиісінше атқарылып жатқан жұмыс бір айда өз нәтижесін береді» дейді департамент өкілдері. Ал, аталған жер теліміне қатысты талдаудан бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Алматының экологиялық ахуалына жауаптыларға да тексеру болатынын айтады.

«Қалада негізгі экологиялық мәселеге ауаның ластануы, тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату, көгалдандыру ісі жатады. Осыған байланысты, Алматы қаласы бойынша экология басқармасының және оның ведомстволық  ұйымдарының қызметінде талдау жүргізіледі», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Асхат Оразхан.

 Жоғарыда аталған салалардан қандай да бір жемқорлық фактісін байқаған азаматтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сенім телефонына хабарласа алады.

Ал бизнеске тиесілі жер телімдерін бөлу мен экологиядағы заң бұзушылыққа қатысты да жедел желі жұмыс істейді.

Мадина Оқас, Дияс Махамбетов, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы