«Төбесінен су ағып, қабырғасы көгерген»: сапасыз салынған үйге кімдер жауапты

22.04.2022 в 21:56

2004 жылы 4 қабатты тұрғын үй салынған

Құрылыс компаниясы ақшаға құнығып, 4 қабатты үйге 5-қабат салған. Нұр-Сұлтан қаласындағы Рысқұлбеков көшесінің тұрғындары баспана техникалық талаптарға сай келмейді, қар, жаңбыр жауғанда қиналамыз деп шағымданды, деп хабарлайды Almaty. tv тілшісі.

2004 жылы 4 қабатты тұрғын үй салынған. Ал 2006 жылы 5-қабат қосылған. Тұрғындар пәтердің шатырынан су ағып, қабырғалары көгеріп жатқанын айтады.

«Көшіп келгенде жаз болды. Көршілермен таныстым, кейін түрлі мәселені біле бастадық. Қыс бойы қиналдық. Төбеден су ағып, мазамызды алды», – деді қала тұрғыны Әсел Мұсабаева.

«Қабырғаның бұрышы көкпеңбек болып кетеді. Үйдің төбесінен су ақты. 5-қабатта тұрғындардың үйлері құлап жатыр», – деді қала тұрғыны Гүлжан Қожақова.

Халық әкімдікке шағымын жеткізген. Бірнеше рет жиналыс та болыпты. Шенділер жөндеу жұмыстарына бағдарлама арқылы мемлекеттен қарыз алып, үйдің кем-кетік тұстарын ретке келтіреміз деген ұсыныс айтқан. Алайда жұрт оған келіспепті. Себебі 15 жыл несие төлеу керек. Оның үстіне көрші үйге де осы бағдарлама арқылы жөндеу жұмыстары жасалған, бірақ жыл өтпей пәтер қабырғасы қайтадан құлап қалған көрінеді.

«Модернизацияға келіспеймін. Олар 3 жыл кепілдік береді. Ал біз оны 15 жыл төлеуіміз керек», – деді қала тұрғыны Айна Ақмырзаева.

Ал құзырлы орган өкілдері үй апатты жағдайда емес екенін алға тартады. Сәйкесінше тек жөндеу жұмыстарын жүргізе алады. Бірақ үйді сүруге немесе тұрғындарды басқа жерге көшіруге нақты себеп жоқ дейді.

«Зерттеу жұмыстары өткен жылдың басында басталды, сәйкесінше бізде техникалық тексеру  нәтижелері бар. Оның жарамсыздығы 20 пайыз, ал шатырдың құрылымына келетін болсақ 30 пайыз деп бағаланды. Төтенше жағдай деп саналмайды», – деді Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының  Алматы ауданы бойынша бөлім басшысы Рүстем Әбдірашев.

Тұрғындар жөндеу жұмыстарын жасаған күннің өзінде 5-қабаттағы 33 пәтердің тұрғындары қайда баратынын түсінбей дал. Егер әкімдік мәселені шеше алмаса жұрт жоғарғы билікке де арыздануға әзір.

Қаламқас Нысанбай, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан