"Самұрық-Қазына" қорының қызметкерлер саны 50%-ға қысқарады

24.01.2022 в 17:40

Құрылымдық бөлімдер саны 27-ден 18-ге (33 пайыз) қысқартылғаны, "кеңесші" қызметтері жойылғаны белгілі болды

"Самұрық-Қазына" қорының жаңа ұйымдық құрылымы бекітілді. Оған сәйкес, қор қызметкерлерінің саны екі есе, яғни, 248-ден 124-ке дейін, ал басқарушы қызметтер саны 10-нан 5-ке дейін қысқарады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі қордын ресми сайтына сілтеме жасап.

Құрылымдық бөлімдер саны 27-ден 18-ге (33 пайыз) қысқартылғаны, "кеңесші" қызметтері жойылғаны белгілі болды.

"Қордың шетелдегі өкілдіктерін жабу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ бизнес жолындағы кедергілерді жоюға бағытталған тікелей сатып алудың жаңа тәртібі мен қадағалау, маркетинг, және импорттың орнын басу ережелері алдын-ала бекітіліп, ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, және "Атамекен" ҰКП-ге қарастыруға жіберілді. Бір көзден сатып алуға негіз болатын себептер қысқартылды. Бұл құжаттарды директорлар кеңесі қабылдаған соң қордың корпоративтік орталығы сатып алу әдістемесін дайындау, сатып алуларды қадағалау және бақылау функцияларын атқарады. Портфельдік компанияларға "Самұрық-Қазына" қорын реформалау бойынша ҚР Президенті тапсырмаларын орындауды қадағалау жөніндегі құжат жіберілді; жауапты қызметкерлер, іске асыру мерзімдері мен қадағалау индикаторлары анықталды", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар "Самұрық-Қазына" АҚ басқармасының 24 қаңтардағы шешімімен "Самұрық-Қазына Инвест" ЖШС бас директоры А.К.Сұлтановтың, Samruk-Kazyna Construction АҚ басқарма төрағасы Б.А.Сандықбаевтың, "Самұрық-Қазына Контракт" ЖШС бас директоры А.Ж. Ақыловтың, "Самұрық-Қазына Бизнес Сервис" ЖШС бас директоры С.К.Елшібековтың уәкілеттіктері мерзімінен бұрын аяқталып, олармен еңбек қатынастарын тоқтату келісілді. Басқарма ҚР Үкіметіне жолданатын қорды реформалау бағдарламасын дайындау мерземдерін бекітті.