Иісі қолқаны қабады: Петропавл қаласында неге қоқыс шығарылмайды

17.07.2023 в 18:19

Қалада қалдық шығарумен айналысатын 4 компания бар

Петропавл халқы қоқыс шығаратын компаниялардың жұмысына шағымданды. Тұрмыстық қалдықтар уақытылы шығарылмайды деген тұрғындарды мүңкіген сасық иіс мезі еткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Екі ай бұрын Петропавлда қоқыс шығару құны бірден 2 есеге көтерілді. Көпшіліктің айтуынша, қызмет бағасы көтерілсе де, қала орталығындағы көпқабатты үйлердің ауласынан тұрмыстық қалдықтар уақытылы шығарылмайды.  

– Қоқыс шығару тарифі 2 есе артты. Бір адамның құны 480 теңге болып тұр. Бірақ қоқыс шығарылмайды. Ақшаны не үшін төлейміз? – деді қала тұрғыны Зейнеш Назарова.

«Қоқыстың жағымсыз иісі мұрын жарады» дейді тұрғындар. Оның үстіне, аптап ыстықта жағдай ушығып, терезе ашып, демалудан қалған.

– Барлық жер қоқысқа толды. Терезені ашып қалсаң, иісі қолқаны қабады. Маңынан жүріп өтудің өзі мүмкін емес, – деді қала тұрғыны Клавдия Лустина.

Бұл жағдайға қоқыс шығаратын компаниясының 2 бірдей техникасының істен шығуы себеп болған. Қала әкімі жауаптыларға мәселені дереу шешуді тапсырды. Яғни, ұйымға басқа кәсіпорындардан техниканы жалға алып, олқылықтарды қысқа уақыттың ішінде реттеуге пәрмен берді. Ал жергілікті билік қоқыс шығаратын мекемелерді жаңа жабдықпен қамтуға 60 млн теңге жұмсамақ.

– Тұрғындар қоқыс жәшіктерін цемент, құм секілді құрылыс қалдықтарымен толтырып тастаған. Соның кесірінен техниканың қосалқы бөлшегі істен шықты. Қала әкімдігімен бұл компанияларға көмек ретінде 2  бірлік техника сатып алу шешімі қабылданды. Ол сенімгерлік басқаруға берілетін болады, – деді қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова.

Қазір тұрғындардың ұйымдарға қарызы 23 млн теңгеден асып жығылады. Мамандар қарыз да қоқыс шығару жұмысының нашарлауына септігін тигізгенін атап өтті. Петропавл қаласында тұрмыстық қалдық шығарумен айналысатын 4 компания бар.

Нұргүл Алина, Асар Ербұлан, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан