Саябаққа бөлінген ақшаның қызығын кім көріп отыр

20.06.2023 в 17:13

Петропавлда салынғанына 3 жыл болған саябақ қирап жатыр

Петропавлда салынғанына 3 жыл болған саябақ қирап жатыр. Оған бюджеттен 400 миллионға жуық қаражат бөлінген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Облыс орталығының тұрғындары қыруар қаржы далаға кетті деп наразы. Ал жергілікті әкімдік бұл мәселені шешуге асығар емес.

Бұл  Береке шағынауданында 2020 жылдың желтоқсанында салынған саябақтың қазіргі түрі. Бұрын бұл жер бос болған. Сәулетшілердің жоспары бойынша шағынаудан тұрғындарын үлкен субұрқақ, демалыс аймағы, амфитеатр, ойын алаңы, жүгіру жолы, сондай-ақ тастар мен өсімдіктердің композициясы қуантуы керек еді. Алайда мұның барлығы көктемнен бастап қирап, апатты жағдайда тұр.

«Саябаққа ешкім қарамайды. Іші қоқысқа толып кеткен. Субұрқақ мүлдем істемейді», – деді  қала тұрғыны Әнуарбек Рахметжанов.

Жаңа саябақ ашылады дегенді асыға күткен қала тұрғындарының үміті су сепкендей басылған. Олар 3 жыл бұрын салынған бақтың сапасына наразы. Енді ата-аналар онда балаларын жіберуге қорқып отыр.

«Демалып жүргендер шағымданады. Ашылғалы бері екі ай ғана істеді. Ылғи жөндеу жұмыстары жүріп жатады», – деді қала тұрғыны Қанат Ахметов.

Саябақты салу үшін бюджеттен 400 миллионға жуық қаржы бөлінген. Мердігер тас төсенді, шағын архитектуралық қалыптарды, орындықтарды, жарықтандыруды орнатқан. Мәселенің алдын алу үшін жергілікті әкімдік енді жөндеу жұмыстарын тағы да бюджет қаражаты есебінен жүргіземіз деп отыр.

«Саябақ батпақты жерде орналасқандықтан, төселген кеспе-тас жерге кіріп кеткен. Кепілдік мерзімі 2022 жылдың желтоқсанында аяқталғандықтан, алаңда жөндеу жұмыстары басталды. Шағын архитектуралық формалар мен субұрқақ қалпына келтіріледі. Барлық жөндеу жұмысы аяқталғаннан кейін біз осы алаңға қызмет көрсетуге конкурс жариялайтын боламыз», – деді қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Жанель Батанова.

Әкімдік қызметкерлері жұмысты бір айдың ішінде аяқтауы тиіс. Мамандар бұл жолғы жөндеу жұмыстарына қанша қаражат бөлінгенін айта алмады.