Жанармай бағасы қымбаттаса, табысы аз отбасына жәрдемақы қарастырылуы керек - Асқар Садықов

12.04.2023 в 17:15

Депутаттың айтуынша, бағаның көтерілуінен мұнай компаниялары мен делдалдар пайда көріп отыр

Жанармай бағасы қымбаттаса, табысы аз отбасыларға жәрдемақы қарастырылуы керек. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының мүшесі Асқар Садықов осындай ұсыныс жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Депутаттық сауалында ол Ресейдегі сұйық отынның бағасын мысалға келтірді. Көрші елде бір литр бензиндегі шикізат құны 12 пайыз, ал 69 пайызын салық пен акциздер құрап отыр. Яғни, жанармайдан табыс бірінші кезекте бюджетке түседі. Қазақстанда бензин бағасы бойынша шикізат құны 58 процент, ал салық бар болғаны 15 пайыз шамасында. Депутаттың айтуынша, бағаның көтерілуінен мұнай компаниялары мен делдалдар пайда көріп отыр. Сол себепті мұнай-газ саласындағы делдал фирмаларды анықтап, қызметін шектеу бойынша шара қабылдау керек.

«Жанар-жағармай бағасын көтеру туралы шешімге қосымша халықтың аз қамтылған топтарын қорғау іс-қимылымен толықтыру керек. Атап айтқанда, атаулы жәрдемақы төлемдерін енгізуді қарастыру маңызды. Әлеуметтік маңызы бар тауарларды азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім және аяқ киім өндіретін шағын және орта бизнес пен агроөнеркәсіп өкілдері үшін белгіленген тариф енгізу мәселесін пысықтау қажет», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асқар Садықов.