Алматыда сапасыз салынған жолдарға байланысты мердігер компаниялар жауапқа тартылып жатыр

29.03.2021 в 17:16

Қазір бүкіл қала бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында стандарттардың сақталуына бақылау күшейтілді

Алматы әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша инженерлік желілерді салуды жүзеге асыратын компаниялар жұмыс технологиясын бұзғаны үшін жауапқа тартылады, дп хабарлайды Almaty.tv.

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (МАӘС) шешімімен «Монолит Дизайн-2030» компаниясы лицензиядан айырылды және 800 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл компания Тастыбұлақ ықшамауданында орталық коммуникациялар құрылысын жүргізген болатын.

Өткен жылы аталған компания жұмыста жіберген кемшіліктері үшін әкімшілік шараға тартылды. Ағымдағы жылдың ақпан айында Тастыбұлақ ықшамауданының тұрғындары Алматы әкіміне компанияның жұмысты аяқтаған соң жолдарды ретке келтіруді сапасыз жүргізгені туралы шағымданған еді.

Осы шағымның негізінде қайта тексеру жүргізілді, оның қорытындысы бойынша бірқатар кемшіліктер анықталды, материалдар компанияны лицензиядан айыру үшін әкімшілік сотқа жіберілді.

Бұрын  Алатау ауданында инженерлік желілерді салуда бірқатар заңбұзушылықтарға жол берген «Сигма» компаниясы да сот шешімімен лицензиясынан айырылған болатын.

Сонымен қатар, проблемалық нысандарды жүргізген бірқатар компаниялардың жұмыстары да қайта тексерілетін болады, олардың арасында Төле би көшесіндеі инженерлік желілерді реконструкциялаған «АГС-ПЛАСТ» ЖШС мен «Сұңқар» ЖШС бар.

Еске салсақ, жақында Төле би-Мұратбаев көшелерінің қиылысында «AGS-PLAST» ЖШС-нің инженерлік жұмыстарды сапасыз жүргізгендігі салдарынан жол қақ айрылған еді.

Қазір бүкіл қала бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында стандарттардың сақталуына бақылау күшейтілді. Басқарма кәсіби компанияларды жұмысты орындау кезінде барлық нормалар мен талаптарды сақтауға шақырады. Тексерулер қорытындылары бойынша барлық тиісті шаралар қолданылады, тіпті лицензияларынан айыруға дейін.