Алматы полицейлері ардагерге арнап концерт ұйымдастырды

09.05.2023 в 17:19

Қамбар Сарсенов жарақатына қарамастан, ішкі істер саласында қызмет еткен

Алматыда полиция қызметкерлері сұрапыл соғыс ардагері Қамбар Сарсеновке мерекелік концерт ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Майдангердің пәтерінің алдында салтанатты сап түзеген тәртіп сақшылары соғыс туралы әндерді шырқады. Айта кетейік, 99 жастағы Қамбар қария ұрыс даласында алған жарақатына қарамастан, шындық пен әділдікті ту етіп, ішкі істер саласында қызмет еткен.

- ҰОС ардагері Қамбар Әмірұлы туралы осыған дейін "Жеңіс" циклінің егжей-тегжейлі материалымызда хабарлаған болатынбыз. Ол - шындық пен әділдік үшін нағыз күрескер, Отанымыздың бостандығы үшін талай кескілескен шайқастың қатысушысы. Ауыр жарақаттанғанына қарамастан, Қамбар ата соғыстан кейінгі жылдарда да азаматтардың тыныштығын күзетуге шешім қабылдады. Бүгін ардагерге нағыз мереке ұйымдастырдық. ПД ансамблінің әртістері әскери шығармаларды орындады. Концерт ойдағыдай өтті: ақсақал жастарға бата берді, ал көпқабатты үй тұрғындары жанды дауыстағы әндерді ықыласпен тыңдады, - деді, Алматы қалалық полиция Департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Олжас Мырзабеков.