Бакуде ТМД елдерінің бас прокурорларының үйлестіру кеңесі өтті

15.09.2023 в 17:27

Жұмыс тәсілдері мен нәтижелері кездесуге қатысушылардың қызығушылығын тудырды

Еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов 15 қыркүйекте Баку қаласында ТМД-ға қатысушы елдер бас прокурорларының үйлестіру кеңесінің 33-ші отырысына қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қадағалау органының басшысы өз сөзінде бас прокурорлардың үйлестіру кеңесі бойынша шетелдік әріптестерімен Қазақстан прокуратурасының қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жөніндегі тәжірибесін ортаға салды.

ТМД-ның барлық елдері прокуратураларының қадағалау қызметінде басымдық саналатын адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету болғандықтан, қазақстандық прокурорлардың жұмыс тәсілдері мен нәтижелері кездесуге қатысушылардың қызығушылығын тудырды.

Үйлестіру кеңесінің мүшелері азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда, қылмысқа қарсы күресте және заңбұзушылықтың кез келген көріністерінде әріптестікті нығайту қажеттігі туралы ортақ пікірде болды.

Отырыс қорытындысы бойынша бас прокурорлар Үйлестіру кеңесінің басым міндеттері мен одан әрі өзара іс-қимыл тетіктерін айқындайтын шешіміне қол қойды.

Оқи отырыңыз: Жауынгерлік достастық – 2023: Қазақстан мен Қырғызстанның бірлескен оқу-жаттығуы аяқталды