Ұлытау облысында 20 миллионыншы қазақстандық дүниеге келді

16.11.2023 в 20:38

Өңірде күніне орта есеппен 10-15 бала туылады

20 миллионыншы сәбидің бірі Ұлытау облысы Жазқазған қаласында дүниеге келді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Дәрігерлер ана мен баланың жағдайы жақсы дейді. Сәбидің салмағы - 3 кг, ал бойы - 49 см. Томирис есімді қыздың анасы Әйгерім Молдашева 19 жаста, әкесі Сұңғат Сейітжан «Қазақмыс» корпорациясына қызмет көрсететін «Серіктас» апаттық – құтқару қызметінде жұмыс істейді. Әулеттегі тұңғыш немеренің дүниеге келгеніне ата-әжесі қатты қуанды.

–Жақсы жаңалықты естіп қобалжып тұрмыз. Қазақстан бойынша менің немерем ел санын 20 миллионға жеткізіп жатыр. Қазақстанға үлесін қосып жатыр. Жастарды бала санын көбейтуге шақырамын. 21-22 миллионға жетейік, - дейді  Ұлытау облысының тұрғыны Гүлзат Құлманова.

Ана атану үлкен жауапкершілікті жүктейді. Қызымызға Томирис деген есімді атасы батыр қыз болсын деген ниетпен қойды. Осындай  бақытты барлық отбасына нәсіп етсін, - дейді Ұлытау облысының тұрғыны Әйгерім Молдашева.

Жалпы Ұлытау облысында былтыр 3265 әйел ана атанса, биыл 11 айда 2700  нәресте дүниеге келіпті. Ақ халаттылар күніне орташа есеппен 10-15 бала дүниеге келеді дейді. Перинаталдық орталықтың акушер- гинекологы ел халқын 20 млн жеткізген ана мен баланың жағдайы жақсы екенін жеткізді.

–13 қарашада түнгі сағат 23:30-да Әйгерімді босану залына ауыстырдық. 14 қарашада таңғы сағат 08:15-те қыз баланы дүниеге әкелді. Салмағы - 3 кг. Баланың жағдайы жақсы. Апгар шкаласы бойынша 9-10 деген балл бердік. Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны біздің ауруханада өмір есігін ашады деп ойлаған жоқпыз, - дейді перинаталдық орталығының акушер-гинекологы Ербұлан Орынбаев.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы отандастарымызды ақжолтай жаңалықпен құттықтады