Түркияға Түркістан қаласынан 2 ұшақпен гуманитарлық көмек жіберілмек

10.02.2023 в 19:57

Шымкенттіктер гуманитарлық көмек қабылдайтын бөлімдер ашты

Түркия мемлекетіндегі көмекке мұқтаж жандарға жылу жинау елдің барлық өңірінде жалғасып жатыр. Зардап шеккендерге Түркістан қаласынан 2 ұшақпен гуманитарлық көмек жіберілмек, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қажетті заттарды халықаралық әуежай ұжымы тегін тасымалдайды. Ал қаржылай қолдау білдіремін деген жандарға арнайы қор ашылған. Қазірге дейін жиналған қаражатқа ересектер мен балаларға арналған жылы киімдер, жамылғы мен тұрмыстық заттар сатып алынған. Алғашқы рейс  10 ақпанда  жөнелтіледі деп жоспарланып отыр.

«Атажұрттан – анажұртқа» деген жазуды заттардың сыртына жапсырдық. Қазір қос елдің бауырмалдығы мен ынтымағы танылатын шақ. Осы ретте Түркістан жұртына ризашылығымды білдіремін. Бұл жағдайды ешкімнің басына бермесін. Қиын кезеңді бірге еңсереміз деп ойлаймын», – деді Түркістан халықаралық әуежайының директоры Хакан Клавуз .

«Түркиядағы бауырларымыздың қиналып жатқанын әлеуметтік желіден көрдік. Біз де қол ұшын беруді жөн деп таптық. Ұжыммен бірге күн, түн демей жұмыс істеп жатырмыз», – деді Түркістан халықаралық әуежайының менеджері Шынболат Убайдуллаев.

Ал шымкенттіктер гуманитарлық көмек қабылдайтын пункттер ашты. Мұнда қала тұрғындары қолдарынан келгенше азық-түлік, киім-кешек пен дәрілер әкеліп өткізе алады. Сонымен қатар ақшалай көмек бере алатындар үшін арнайы есепшот та қарастырылған. Онда қазірдің өзінде 2 миллион теңгеге жуық қаржы жиналған. Қайырымдылық шараға қала тұрғындарымен бірге еріктілер де белсенді атсалысып жатыр.