Жетісу облысын түтін басты: ТЖД тұрғындарға үндеу жасады

12.06.2023 в 17:38

Мамандар дүйім елге сабырлы болып, бетперде тағуды сұрады

Семейдегі жағдайдан кейін Жетісу облысының орман алқаптары ерекше бақылауға алынып, маңында орналасқан елдімекендерге кіру тәртібі күшейтілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Айта кетейік, бүгін халық көк түтінді көріп үрейленді. Төтеншеліктер бұл Семей орманындағы алапат өрттің түтіні Жетісу облысының аудандарына жеткенін мәлімдеді. Өйткені ормандағы жалынның салдарынан жел бағыты күрт өзгерген.

«Жетісу облысының бірқатар ауданын қалың түтін басты. Жетісу облысы бойынша жағдай тұрақты. Қазіргі таңда орман шаруашылығы, қала және аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, өрттің алдын алу үшін тиісті шаралар атқарылып жатыр», – деді облыстық ТЖД басшысының орынбасары Қанат Алтынбеков.

Осы тұста облыстық Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды сақ болуға шақырады. Мамандар дүйім елге сабырлы болып, бетперде тағуды сұрады. Ал тыныс алу мүшелерінің ауруы бар адамдар мен қарттарға үйден шықпауға кеңес берілді.

«Облыс бойынша жағдай тұрақты. Ешқандай өрт болып жатқан жоқ», – деді облыстық ТЖД басшысының орынбасары Қанат Алтынбеков.