Таразда жылу құбыры жарылып, тұрғын үйді су басып қалды

08.11.2022 в 20:13

Бір ай бұрын аймақта қатты дауыл соғып, үйдің шатыры көкке ұшқан болатын

Тараздағы тұрғын үйлердің бірінде жылу құбыры жарылып, жұртты әбігерге салды. «Жыл басында баспаналы болдық» деп қоныс тойын тойлағандар пәтерімізді су алып, өзіміз далада қалдық деп шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаңа пәтер кілтін алғандарына 1 жыл толмаған Ұлы дала шағынауданы тұрғындарының қуанышы ұзаққа созылмады. Жылу құбыры жарылып, үйді су басқан.

«Сағат 11:00-де жолдасым үйде еді, бірінші жылы су ағыпты, ыстық емес. Содан мен өзім жақын жерде жүр едім келіп қысып, жауып тастадым. Ал енді құрылыс компаниясы шығындарды төлеп береміз деп уәде берді», – деді қала тұрғыны Шаяхмет Қарақұлов.

Бастапқыда тұрғындар үйдің жылу жүйесіне шағым айтқан екен. Содан жауапты мердігер компания қосалқы құрылғы орнатыпты. Бұдан еш нәтиже болмаған көрінеді. Ал бірнеше ай бұрын аймақта қатты дауыл соғып, дәл осы тұрғын үйдің шатыры көкке ұшқан болатын.

«Жылыту маусымы басталғанда тұрғын үйге толық берілген жоқ. Қолмен ұстасаң батареялар мұздай. Арнайы насос қойылды.  Одан кейін құбырдан су атқылай бастады», – деді қала тұрғыны Ерлан Үмбетов.

Ал мердігер компания өкілі үйдің құрылысына 582 млн теңге жұмсалғанын айтты. Кепілді қызмет көрсету мерзімі – 5 жыл.

«Болған жағдайда, бізде темір мен пластик жалғанған жер – муфта деп аталады. Сол жарылып кетті. Біз оның бәрін анықтадық, жөндеудеміз. Шығынның бәрін өзіміз көтереміз», – деді мердігер компания директорының орынбасары Шыңғыс Әміров.

Барлық шығынды мердігер өтейтін болды. Олқылық жойылады. Ал тұрғындар сапасыз құрылысқа жауаптылар жауапқа тартылғанын қалайды.

Жомарт Есқара, Ильдар Ғизатуллин, «Алматы телеарнасы», Жамбыл облысынан